Семейде дзюдодан өткен ҚР чемпионаты: спорт – діни экстремизмнің алдын алудың тиімді құралы

Семейде дзюдодан өткен ҚР чемпионаты: спорт – діни   экстремизмнің алдын алудың тиімді құралы

Семей қаласында өткен дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионатына еліміздің барлық өңірінен 569 спортшы қатысып, 14 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады.
«Абай-Арена» спорт кешенінде өткен салтанатты ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли, Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Тимур Болат және Олимпиада чемпионы, әлем және Азия чемпионы, турнирдің құрметті қонағы Елдос Сметов қатысты.
Елдос Сметов сөз барысында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудың маңызын ерекше атап өтті.
Ол жастарға үндеу жолдап: «Спорт – тек дене шынықтыру емес, ол – рухани қуат пен сауатты ойдың бастауы. Шынайы күш – қиратушы діни идеяларға ермей, өз мүмкіндігіңді игі істерге жұмсай білу. Қуатыңызды дамуға, көмек көрсетуге және қорғауға бағыттаңыз, ал жалған діни ағымдарға соқыр сеніммен ермеңіз», – деді.
Жастардың діни сауаттылығын арттыру және дұрыс құндылық қалыптастыру мақсатында чемпионат барысында спорт кешенінің LED-экрандарында «Спорт – терроризм мен экстремизмге қарсы» атты бейнероликтер көрсетілді.
Жарысқа келген көрермендердің жалпы саны 4 872 адамды құрады.


Материал Абай облысы ТҚК аппаратының
ақпараты негізінде дайындалды