Алматы қаласында қала тұрғындары мен оқушыларға арналған экстремизм мен терроризмге қарсы түсіндіру кездесуі өтті

Алматы қаласында қала тұрғындары мен оқушыларға арналған экстремизм мен терроризмге қарсы түсіндіру кездесуі өтті

Алматы қаласында қала тұрғындарына, сондай-ақ,  жалпы білім беретін мектептердің оқушылары мен педагогикалық ұжымдарына арналған экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда экстремистік және террористік идеологиялардың алдын алу, азаматтардың теріс көзқарастарға қарсы иммунитетін қалыптастыру және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту болып табылады.
Кездесу барысында қатысушыларға экстремизм мен терроризмнің қазіргі қоғамға тигізетін қаупі жан-жақты түсіндіріліп, олардың алдын алу бойынша құқықтық және әлеуметтік тетіктер таныстырылды. Жиынға арнайы шақырылған ақпараттық-насихаттық топ мүшесі Б. Абдрахман өз сөзінде экстремизм мен терроризмнің тек қауіпсіздікке ғана емес, ұлттың бірлігі мен рухани тұтастығына да үлкен қатер төндіретінін атап өтті.
«Теріс идеология өкілдері ең алдымен діни және құқықтық сауаты төмен жастарды өз қатарына тартуға тырысады. Сондықтан әрбір азамат өз білімін арттырып, күмәнді ақпарат пен насихаттан аулақ болуы қажет», – деді спикер.
Сонымен қатар кездесуде экстремизм мен терроризмге қарсы күресте азаматтық қоғамның рөлі ерекше атап өтілді. Спикерлер әрбір тұрғынның қоғамдағы күмәнді әрекеттерге бейжай қарамай, тиісті органдарға уақтылы хабар беруі қылмыстың алдын алудың тиімді жолы екенін түсіндірді. Жастардың әлеуметтік желілер арқылы теріс идеологияның ықпалына түспеуі үшін ата-аналар мен ұстаздардың бақылауының маңыздылығына да тоқталды.
Радикалды бағыттағы ақпараттардан қорғану үшін медиасауаттылықты арттыру қажеттілігі баса айтылып, террористік қауіп туындаған жағдайда жасалуы тиіс әрекеттердің алгоритмі түсіндірілді. Сондай-ақ ҰҚК-мен бірлесіп дайындалған бейнематериалдар көрсетілді.
Кездесу соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты әрі нақты жауаптар берілді. Іс-шараға жалпы саны 200-ге жуық қала тұрғындары, мектеп оқушылары және ұстаздар қатысты.
Аталған кездесу тәрбиелік және ақпараттық маңызға ие болып, экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы қоғамдық түсіндіру жұмыстарын күшейтуге ықпал етті.


Материал Алматы қаласы бойынша
ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалған