
Қазіргі қоғамда дінге сенетін азаматтармен кәсіби әрі жауапты жұмыс жүргізу өзекті бағыттардың бірі саналады. Осы қажеттілікті ескере отырып, Ұлытау облысы діндерді зерттеу орталығы дінтанушысы Қалдарбек Ғабит Ерланұлының «Діндар тұлғалармен кәсіби жұмыс жүргізудің психологиялық, теологиялық және құқықтық аспектілері» атты әдістемелік құралы жарық көрді.
Әдістемелік құрал діндар тұлғалармен өзара әрекеттесу барысында туындайтын мәселелерді ғылыми тұрғыда қарастырады. Еңбекте діни сенімнің жеке тұлғаның дүниетанымы мен құндылықтар жүйесіне ықпалы, сондай-ақ маман мен дінге сенетін азамат арасындағы қарым-қатынастың психологиялық, теологиялық және құқықтық ерекшеліктері жан-жақты қамтылған.
Автор діндар тұлғалармен жұмыс барысында кездесетін негізгі қиындықтарды, сенімді кәсіби байланыс орнатуға кедергі келтіретін факторларды талдап, оларды еңсерудің тиімді жолдарын ұсынады. Сонымен қатар, діни еркіндікті реттейтін құқықтық нормаларға, этикалық қағидаттарға және мамандардың кәсіби жауапкершілігіне ерекше назар аударылады.
Әдістемелік құралдың мазмұны кәсіби ортада жоғары бағаланды. Аталған еңбекке елімізге танымал дін және психология саласының мамандары – К.Тышхан, А.Абдукеева, Н.Кайрбеков және А.Шағырбай оң пікір білдіріп, оның практикалық маңызын атап өтті.
Бұл әдістемелік құрал теориялық пайымдаулармен шектелмей, тәжірибелік қолданысқа бағытталғанымен құнды. Ол дін саласында қызмет атқаратын мамандарға діни сенім факторын сауатты ескеруге, өзара түсіністік пен сенімге негізделген кәсіби қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.
Құрал еліміздегі дін істері басқармаларына және алдын алу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен айналысатын субъектілерге таратылатын болады. Мұндай еңбектерді тәжірибеге кеңінен енгізу қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға ықпал етеді.
Материал Ұлытау облысы бойынша ТҚК
аппаратының ақпараты негізінде дайындалды