Радикализмге қарсы түсіндіру жұмысы

Радикализмге қарсы түсіндіру жұмысы

Жезқазған қаласында радикалды діни көзқарастардың алдын алу және қоғамның діни сауаттылығын арттыру мақсатында бірқатар ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды. Іс-шараларға «Kazakhmys Smelting» ЖШС, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы және жергілікті мешіт жамағатының өкілдері қатысты.
Кездесулерге республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы Ғазиз Ахметов шақырылып, қатысушыларға қазіргі діни процестер мен өзекті қауіптер жөнінде кеңінен мәлімет берді. Ол экстремизм мен терроризм идеологиясының таралу жолдарын, оның әлеуметтік-рухани кеңістікке әсерін және жастардың радикалдануының негізгі алғышарттарын нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
Спикер өз сөзінде дәстүрлі ислам қағидаттары мен деструктивті ағымдардың айырмашылықтарына тоқталып, күмәнді ақпаратты сараптау, сенімді дереккөздерді пайдалану және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттілігін атап өтті. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары қатысушылардың діни сауатын арттыруға және радикалды идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыруға ықпал етті.
Шараға қатысқан азаматтар маманға көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ғылыми және теологиялық негізделген толыққанды жауаптар алды. Сондай-ақ қатысушылар мұндай кездесулердің жүйелі түрде өткізіліп тұруының маңызын атап өтіп, аталған жұмыс өңірдегі діни тұрақтылықты нығайтуға оң әсер ететінін жеткізді.
Өткізілген кездесулер Жезқазған өңіріндегі қоғамдық келісімді сақтауға, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тұрғындар арасында радикалды көзқарастарға қарсы иммунитет қалыптастыруға елеулі үлес қосты.

 

Материал Ұлытау облысы бойынша ТҚК
аппаратының ақпараты негізінде дайындалды