Дін саласындағы құқықтық тәртіп – қоғамдық тұрақтылықтың маңызды факторы

Дін саласындағы құқықтық тәртіп – қоғамдық тұрақтылықтың маңызды факторы

Ұлытау облысында сот қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының өкілдеріне арналған «Діни саладағы заңнамаларды бұзу және оларды қарастыру тәртібі» тақырыбындағы семинар өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – діни қызмет саласындағы заңнамалық нормаларды түсіндіру, құқық қолдану практикасын жетілдіру және өңірдегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Семинар жұмысына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің Діни қызмет саласындағы құқық қолдану практикасы басқармасының басшысы Манетов Бейімбет Қасымбекұлы қатысып, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның негізгі нормалары мен құқықтық талаптарына тоқталды. Ол өз баяндамасында дінтану сараптамасының маңызы, миссионерлік қызметті жүзеге асыру тәртібі, діни әдебиеттерді таратуға қойылатын талаптар, сондай-ақ діни бірлестіктерді тіркеудің құқықтық аспектілері жөнінде кең көлемді ақпарат ұсынды.
Іс-шара барысында қатысушылар діни қызмет саласындағы заңнамаларды практикалық орындау мәселелері бойынша өзекті сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Спикер әрбір сауал бойынша нақты құқықтық түсіндірме беріп, сот және құқық қорғау органдарының тәжірибесіне қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Семинар діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ қызметтік міндеттерді тиімді орындауға қажетті құқықтық білімді арттыруға мүмкіндік берді.


Материал Ұлытау облысы ТҚК
аппаратының ақпараты негізінде дайындалды