
Әуежайдағы жолаушының жауапсыз әзіл-қалжыңы әуежай жұмысының уақытша тоқтауына себеп болды.
Оқиға «Атырау-Алматы» бағытына тіркелу кезінде болған.
Әлеуметтік желілерде жолаушыларды эвакуациялау сәті түсірілген видео тарады. Кейін бұл ақпаратты көліктегі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми түрде растады.
Мәліметке сәйкес, ер адам тіркелу кезінде қол жүгінде жарылғыш зат бар екенін айтып, көрінеу жалған ақпарат таратқан. Арнайы қызметтердің тексеруі барысында бұл дерек расталмаған.
Аталған факті бойынша көліктегі полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 273-бабы – «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша қылмыстық іс қозғады. Құзырлы органның хабарлауынша, Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәліметтері жария етілмейді.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Әуежай жұмысы тексеру аяқталғаннан кейін қалыпты режимде қайта жалғасты.
Мамандар мұндай «әзілдің» ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертіп, азаматтарды қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Материал Алматы қаласы бойынша
ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалған