
Алматы қаласының №209 жалпы білім беретін мектепте оқушылар арасында «Мен өмір сүргім келеді – террорға жол жоқ!» тақырыбында терроризмге қарсы сурет байқауы ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақты адамгершілікке, бейбіт өмірді бағалауға тәрбиелеу, зорлық-зомбылық пен терроризмге теріс көзқарас қалыптастыруға бағыттау. Сонымен қатар, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және қоғамдағы қауіпсіздік мәселелеріне бейжай қарамауға үйрету.
Байқауға мектептің әр түрлі сыныптарынан 30-дан астам оқушы қатысып, сурет арқылы өз туындыларында бейбітшілікті, достықты, адам өмірінің маңыздылығын және терроризмге қарсы ниет білдіруді жеткізуге тырысты. Оқушылардың суреттерінде бейбіт аспан, бірлік, татулық, гүлденген ел бейнелерімен қатар, террористік әрекеттердің зияны мен салдары бейнеленді.
Әр туынды өзіндік ойымен, көркемдік ерекшелігімен және мазмұнының тереңдігімен ерекшеленді. Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстар анықталып, жүлдегер оқушылар мектеп әкімшілігі мен ұйымдастырушылар тарапынан мақтау қағаздарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымы осындай іс-шаралар арқылы оқушылардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, олардың бейбіт өмірді қадірлеуге деген көзқарастарын нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
«Терроризм – адамзатқа төнген қауіп. Оған қарсы тұру әрбіріміздің борышымыз. Біз балаларды осыны ерте жастан түсінуге үйретуіміз керек», – деді мектеп директоры іс-шара барысында. Бұл байқау оқушылардың өз ойын шығармашылық арқылы жеткізе білуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, оларды қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамауға, белсенді азамат болуға шақырды.
Материал Алматы қаласы бойынша ТҚК аппаратының
ақпараты негізінде дайындалды