Павлодар облысындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары

Павлодар облысындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары

Павлодар және Екібастұз қалаларында қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайту, радикалды идеологияға қарсы іс-қимыл және ақпараттық-түсіндіру топтарының біліктілігін арттыру мақсатында екі күндік оқыту семинарлары өткізілді.
Іс-шаралардың негізгі мақсаты - қазақстандық қоғамда радикалды ағымдарға қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру, жастардың радикалдану қатерін азайту, сондай-ақ мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласындағы мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру.
29 қыркүйекте Павлодар қаласында өткен семинарда қатысушылар дін саласындағы ұлттық сарапшы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлназ Раздықованың дәрістерін тыңдады. Сарапшы радикалды ағымдарға тартылған тұлғалардың психологиялық ерекшеліктеріне тоқталып, Қазақстан жастары арасындағы радикалдану мәселелері және оны алдын алудың тиімді тәсілдерімен нақты мысалдар негізінде таныстырды.
30 қыркүйекте Екібастұз қаласында Н. Назарбаев орталығының сарапшысы Дулат Жакиянов ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамыту бойынша практикалық тренинг өткізді. Сонымен қатар ол еліміздегі және әлемдегі діни ахуалға шолу жасап, дін саласына қатысты қолданыстағы заңнамаларға жан-жақты талдау жасады.
Бүгінде діни экстремизм мен радикализм - жаһандық қауіпсіздікке төнген басты қатерлердің бірі. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалмай отыр. Әсіресе жастар арасында әлеуметтік желілер мен бейресми орта арқылы радикалды идеялардың таралуы алаңдаушылық тудырады. Мұндай жағдайда кәсіби сарапшылар мен ақпараттық-түсіндіру топтарының рөлі ерекше маңызды.
Өткен семинарлар тек теориялық білім берумен шектелмей, практикалық мысалдар арқылы діни радикализмнің алдын алу жолдарын нақты көрсетті. Бұл қоғамда сенімді ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға және халықтың діни сауаттылығын арттыруға өз септігін тигізеді.


Материал Павлодар облысы бойынша ТҚК
аппаратының ақпараты негізінде дайындалды