Экстремизм мен терроризмге бірге қарсымыз

Экстремизм мен терроризмге бірге қарсымыз

Арқалық қаласының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері жастармен, еңбек ұжымдарымен, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен және әлеуметтік осал топтармен бірқатар кездесулер өткізді.

Аталған шаралар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға, қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталды.

Іс-шара барысында ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Сұлтанбеков еліміздің зайырлы мемлекет ретіндегі құндылықтарына тоқталып, ұлттық бірлік пен дінаралық татулықтың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда көптеген этнос пен конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, өзара құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынасты қалыптастырған.

Кез келген дін адамгершілік пен мейірімділікке бастайды. Алайда, радикалды идеологиялар қоғамға іріткі салып, жастарды теріс бағытқа жетелейді. Олар жеке тұлғаны отбасынан, жақындарынан және ортадан оқшаулауға тырысады. Сондықтан әр азамат мұндай қауіп-қатерлерге бей-жай қарамай, сергек болуға тиіс, – деді Азамат Сұлтанбеков.

Кездесуде қатысушыларға радикалды ағымдардың белгілері мен олардың ықпалынан сақтану жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар, діни сауаттылықтың қоғам тұрақтылығына әсері де кеңінен сөз болды.

Қазақстан халқы үшін басты құндылық — елдегі бейбітшілік пен келісім. Осы бірлікті сақтау – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Тек ынтымақ пен түсіністік орнаған жерде ғана қауіпсіз болашақ құрылады.

 

Материал Қостанай облысы бойынша ТҚК

аппаратының ақпараты негізінде дайындалды