⚡️Экология саласындағы сыбайлас жемқорлық

⚡️Экология саласындағы сыбайлас жемқорлық

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде Агенттік әлеуметтік сезімтал салаларда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүйелі негізде жұмыс жүргізуде.

Олардың бірі – табиғи ресурстарды пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық талаптарды сақтау саласы.

Экологияны жақсарту азаматтарымыздың денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді.

Аталған саладағы лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері ауқымды өрттерге және қалпына келтіру үшін айтарлықтай уақыт қажет орман қорының заңсыз жұмсалуына әкеп соғады.

Осыған байланысты Агенттік алаңында Экология және табиғи ресурстар министрінің қатысуымен экология саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті.

Жекелеген лауазымды адамдар, оның ішінде жоғары лауазымды адамдар пара алуға және бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі өзінің тікелей міндеттерін орындамауға байланысты сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасайды.

Тек соңғы 2,5 жылда 70 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген.

Мәселен, соңғы екі жылда жемқорлық қылмыстар жасауда Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаментінің екі басшысы және басшысының орынбасары, Ұлытау облысы бойынша облыстық Экология департаментінің басшысы және басшысының орынбасары, Қызылорда облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары, Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары, Алакөл мемлекеттік қорығының директоры, Мемлекеттік «Семей орманы» және «Ертіс Орманы» орман резерваттарының, Сайрам-Өгем және Ұлытау мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің директорлары, Алматы облысы Іле ауданының әкімі әшкереленді.

Естеріңізге сала кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысы бойынша жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ведомстволық бақылаудың жоқтығынан жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін 2024 жылғы 29 шілдеде толық емес қызметтік сәйкестік түрінде Экология және табиғи ресурстар вице-министрі жауапқа тартылды.

Кездесу барысында "Ертіс Орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватында жаппай ұрлау фактілері анықталды.

Мәселен, «Ертіс Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында орманды жымқыру мақсатында А.Бектеміров құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

Ол бас директор бола тұра, А. Бегімбетов, И. Валиев, К. Телегенев және А. Бейсекеновтің қарамағындағы резерват қызметкерлерін қылмыстық әрекетке тартқан.

Ұйымдасқан топтың қатысушылары жіберілетін ағаштың түрі және оның көлемін төмендету туралы нақты мәліметтерді бұрмалау жолымен орманды жымқырумен жүйелі негізде айналыса отырып, резерват кассасына оның құнының номиналды төлемін жасаған.

Қылмыс іздерін жасыру үшін Бектеміров ішкі істер органдарына орманды заңсыз кесу және жымқыру фактісі бойынша келтірілген залал туралы жалған ақпарат берген.

Қылмыстық іс-қимылдар нәтижесінде оның басшылығымен жалпы сомасы 150,5 млн теңгеге 8,2 мың текше метр іскерлік орман ұрланған.

Резерват аумағынан ағашты заңсыз жібергені үшін ол 3 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін пара алған.

Ағымдағы жылдың 25 сәуірінде Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Бектеміров және ұйымдасқан топтың қатысушылары бас бостандығынан айырудың түрлі мерзімдеріне үкім шығарды.

Бектеміров резерваттың сүрегін жымқыру және пара алу мақсатында ұйымдасқан топ құрғаны және басшылық еткені үшін кінәлі деп танылды.

Сонымен қатар, ол ішкі істер органдарына заңсыз ағаш кесу және жымқыру туралы қылмыстық іс бойынша залал туралы жалған мәліметтер беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.

Бегімбетов, Валиев және Телегенев пара беруге, ұйымдасқан топқа қатысуға және іскерлік орманды ұрлауға, Бейсекенов – орман жымқыруға жәрдемдесуге кінәлі деп танылды.

Бектеміров 12 жылға бас бостандығынан айырылды, Бегімбетов, Валиев және Телегенев әрқайсысы 10 жылға, Бейсекенов 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ, олар өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Облыстық экология департаментінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Ол экологиялық заңнаманың сақталуын және жалпы патронатты тексеру кезінде бұзушылықтарды жоюға мүмкіндік бергені үшін ірі өнеркәсіптік кәсіпорынның өкілінен пара алды деп күдіктелуде.

Айыпталушы сотқа тартылды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Талдау экология саласында жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігін көрсетеді, олардың себептері саланы цифрландырудың жеткіліксіздігі және тиісті бақылау мен мониторингтің болмауы болып табылады.

Агенттік электрондық есепке алу жүйелерін енгізуге және рұқсат беру процестерін автоматтандыруға, орман ресурстарын іске асырудың ашық аукциондық тетігіне көшуге, субъектілерді талдау және мониторингтеу жүйелерін жетілдіруге, қатты тұрмыстық қалдықтар саласында бірыңғай тарифтік саясатты қалыптастыруға және полигондардың қызметіне бақылауды күшейтуге, сондай-ақ тиімді кадр саясатына бағытталған ұсынымдар енгізді.

ТЕЛЕАРНАЛАР ҮШІН ВИДЕО: https://disk.yandex.kz/d/DVkzqPLG_FKN1Q

#Заң_мен_Тәртіп      
#ЗАҢменТӘРТІП  
_
❗️Егер Сіз жемқорлық фактілеріне тап болсаңыз, 1424 нөмірі арқылы немесе WhatsApp-чат-бот: 8 777 000 1424 және
@antikorkz_bot Telegram-боты арқылы шұғыл хабарлаңыз.