Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет спортты қаржыландыру саласына тартылған мемлекеттік ұйымдар мен мекемелердің қызметін тұрақты негізде бақылауды және тексеруді жүзеге асырады.
Бұл жұмыстың мақсаты – саланың дамуына нұқсан келтіретін жемқорлық схемаларын анықтау және жолын кесу, сондай-ақ бұқаралық және кәсіби спортты қолдауға бағытталған бюджет қаражатының тиімді және ашық жұмсалуын қамтамасыз ету.
Ағымдағы жылдың басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өндірісінде спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға байланысты 18 қылмыстық іс болды.
Аяқталған істер бойынша жалпы белгіленген залал 800 млн теңгеден асты.
Тергеулер бірқатар сыбайлас жемқорлық схемаларын ашты, соның ішінде жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізу, жалақы төлеу кезінде айла-шарғы жасау, қымбат тұратын спорттық жабдықтар сатып алулар бар.
Ағымдағы жылдың 21 сәуірінде Атырау қаласының № 2 соты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Д. Коспановқа қатысты үкім шығарды.
Ол «Олимпиадалық резервті дайындау орталығы» КММ аға жаттықтырушысы Н. Майлашевтен бюджет қаражаты есебінен оқу-жаттығу жиындарына шығуға жәрдемдескені, сондай-ақ КММ жаттықтырушыларынан жалпы сомасы 2,4 млн теңгеге ақша қаражатын заңсыз жинау жолымен лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін 1,7 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Бұдан басқа, басқарма басшысы КММ-де еңбек қызметін іс жүзінде жүзеге асырмаған адамдарға жалақыны заңсыз есептеу жолымен 1,1 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Қоспанов 4 жылға, Майлашев 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен бірге сотталғандар мемлекеттік қызметте, судьяда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылады.
Бұған дейін Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты «Жастар» олимпиадалық резервінің облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің футболдан басшысы Б. Нұрлановқа қатысты үкім шығарған болатын.
Ол оқу-жаттығу жиындарын жалған өткізу арқылы 3 млн теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Нұрланов мемлекеттік қызметте, судьяда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК директоры мен оның орынбасарына қатысты тергеу аяқталды.
2022-2023 жылдар аралығында кәсіпкерлік субъектісімен алдын ала сөз байласу бойынша лауазымды тұлғалар спорттық жабдықтар сатып алуға бөлінген 397 млн теңге мөлшерінде бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды.
Сонымен қатар, 2021 жылы «Dat Corporation» ЖШС директоры ретінде Батыс Қазақстан облысында футбол мен допты хоккейді дамытуға бөлінген 161 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырған.
Қазіргі уақытта іс сотта қаралуда.
Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлық қылмыс жасауда Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысын әшкереледі.
Ол олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының директоры бола тұра, азық-түлік өнімдерін жеткізу бойынша көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу шартын жасасқаны үшін дара кәсіпкерден 8 млн теңге сомасында пара алды деп күдіктенеді.
Ағымдағы жылдың 24 сәуірінде күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды.
Тергеу жалғасуда.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
ТЕЛЕАРНАЛАР ҮШІН ВИДЕО: https://disk.yandex.kz/d/wseeeNdcL3fwrA
#Заң_мен_Тәртіп
#ЗАҢменТӘРТІП
_ Егер Сіз жемқорлық фактілеріне тап болсаңыз, 1424 нөмірі арқылы немесе WhatsApp-чат-бот: 8 777 000 1424 және @antikorkz_bot Telegram-боты арқылы шұғыл хабарлаңыз.