Экология басқармасының лауазымды адамдары жемқорлық үшін сотталды

Экология басқармасының лауазымды адамдары жемқорлық үшін сотталды

Алматы қаласы Медеу ауданының № 2 сотының үкімімен пара алғаны үшін (ҚК 366-бабы) Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқарма басшысы орынбасарының м.у.а. М. Жексембаевқа
96 млн. теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындалды (параның 30 еселенген мөлшері).

Пара бергені үшін (ҚК 367-бабы) «Экосервис-С» ЖШС басшысы Ғ. Беркінбаев пен «Компания Стройтекс» ЖШС басшысы А. Мапаевқа сәйкесінше 73 млн. астам және 64 млн. теңге сомасында айыппұл салуға үкім шығарылды.

Парақорлыққа делдал болғаны үшін (ҚК 368-бабы) «Eco Almaty» ЖШС менеджері Б. Рахым 32 млн. теңге мөлшерінде айыппұлға сотталды.

Сотталғандар үшін айыппұлдың жалпы есебі 265 млн. теңгеден астам соманы құрады.

Аталған адамдар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

Экология және қоршаған орта басқармасының лауазымды тұлғасы М. Жексембаев «Реннесанс плюс» ЖШС өкілі Ғ. Беркінбаевтан қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинау және сұрыптау үшін Алматы қаласының тұрғын үй кешендерінің аумағында жер учаскелерін бергені үшін 5 млн. теңге шамасында ақшалай қаражат алды.

М. Жексембаев «Компания Стройтекс» ЖШС директоры
А. Мапаевтан Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының әкімшілік ғимаратының ЖСҚ әзірлеуге бұрын жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша жалпы қамқорлығы үшін делдал Б. Рахым арқылы 3 млн. теңгеден астам ақшалай пара алды.

ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады (сот үкімі заңды күшіне енген жоқ).