Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамамен 12 мың нормативтік-құқықтық актілер жобасы қамтылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамамен 12 мың нормативтік-құқықтық актілер жобасы қамтылды

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетімен бірлесіп «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманы жетілдірудің өзекті мәселелері» атты халықаралық форум-семинар өткізді.

Антикоррупциялық қызметтің превенция қызметінің басшысы Марат Ахметов сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама іске асырылған сәттен бастап 12 мың НҚА жобасын қамтығанын, онда сыбайлас жемқорлық қаупінің 32 мыңнан астам факторы анықталғанын атап өтті.

«Сараптама қорытындысы бойынша шамамен 5,2 мың НҚА қабылданып, қолданысқа енгізілді, онда ескерілген ұсынымдардың үлесі 52,7%-ды құрады. Осылайша, қабылданған НҚА-ның жартысынан астамында әзірлеу кезеңінде сыбайлас жемқорлық қаупі алынып тасталды. Яғни, мемлекет сыбайлас жемқорлық жолына тағы бір тосқауыл қояды», – деді Превенция қызметінің басшысы.

«Барлық нормативтік құқықтық актілер сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама арқылы өтуі тиіс, оларды құруға бастамашылық жасаған субъектілерге қарамастан, осы сараптамалық зерттеуден босатылған НҚА болмауы тиіс. Сараптама қорытындысы ұсынымдық сипатқа ие болудан, мемлекеттік органның сарапшының ескертулерін міндетті түрде қабылдауына көшу қажет», – деді М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың түпкі мақсаты - қолданыстағы заңнаманың коррупцияға жол беретін нормаларын барынша азайту екенін айта кету керек.

Алайда, «Transparency Қазақстан» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Светлана Арстамбаеваның айтуынша, статистика байқаусызда жасалған жобалардағы сыбайлас жемқорлыққа жол беру көлемі де, жергілікті атқарушы органдардың ұқыпсыз дайындалған жобаларының саны да азаймайтынын көрсетеді.

Форум барысында халықаралық (Германия, Грузия, Украина) алдыңғы қатарлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәжірибе, оның ішінде НҚА сараптамасын жүргізу бойынша тәжірибе ұсынылды, сыбайлас жемқорлық қаупін бағалау әдіснамасын жетілдірудің негізгі және проблемалық мәселелері, сондай-ақ норма шығару жұмысын жетілдіру мәселелері қаралды.