Реттеушілік саясаттың консультативтік құжаттары жөнінде анонс

Реттеушілік саясаттың консультативтік құжаттары жөнінде анонс

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы № 802 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілді.

Тұжырымдамада көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды іске асыру үшін 2023 жылы Парламент Мәжілісіне 2 заң жобасын:

  • «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын;
  • «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс 1-бабының 2-1 бөлігіне сәйкес ӘҚБтК-ке түзетулер жеке заң жобамен енгізіледі) енгізу қажет.

Жаңа Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару жұмысының қағидаларына сәйкес заң жобасының тұжырымдамасын және заң жобасын әзірлемес бұрын мыналар:

  • заңнамалық реттеуді талап ететін проблемалық мәселе;
  • туындаған проблеманың негізгі себептері;
  • сипатталған проблеманың деңгейі мен маңыздылығын көрсететін талдамалық ақпарат;
  • сипатталған проблеманы шешудің ұсынылатын жолдары қамтылатын реттеушілік саясаттың консультативтік құжаты дайындалу қажет.

Осыған орай, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа карсы агенттігімен (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен) (бұдан әрі – Агенттік) жоғарыда аталған заң жобаларына:

  • «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына консультативтік құжат (бұдан әрі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасына консультативтік құжат);
  • «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына консультативтік құжат (бұдан әрі – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша заң жобасына консультативтік құжат) әзірленді.
  1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасына консультативтік құжатқа заңнамалық реттеуді талап ететін мынадай:

1) адамдарды қосудың және одан шығарудың нақты тетіктерін айқындай отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары жүйесіне сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу;

2) мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда мүдделер қақтығысын анықтауды және ретке келтіруді регламенттеу;

3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды әзірлеу жөніндегі әдістемені бекіту жөнінде құзірет беру;

4) «ақшаны қадағала» («follow the money») қағидаты бойынша қаржылық тергеу институтын енгізу;

5) пара беру туралы уәде/ұсыныс үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу;

6) мемлекеттік орган, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйым қызметкерінің заңсыз сыйақыны қорқытып алуына байланысты қылмыстарды анықтау жөніндегі жұмысты жетілдіру;

7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершіліктің құқықтық тетіктерін жетілдіру;

8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігін мониторингтеу және бағалау жүйесін енгізу және дамыту;

9) әдеп жөніндегі уәкілдердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимылын регламенттеу;

10) құқықтық мониторинг қорытындылары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы жетілдіру проблемалық мәселелері қосылды.

  1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша заң жобасына консультативтік құжатқа мынадай:

1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту;

2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпарат үшін әкімшілік жауаптылыққа тарту мәселелеріндегі құқықтық олқылықтарды жою;

3) сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін ескіру мерзімін ұлғайту;

4) арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілігін белгілеу;

5) ӘҚБтК-нің кейбір баптарын әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жатқызу;

6) ӘҚБтК-ге Халықаралық коммерциялық мәмілелерді жүзеге асыру кезінде шетелдік лауазымды тұлғаларды параға сатып алуға қарсы күрес жөніндегі конвенцияға қосылу мақсатында түзетулер енгізу бастамалары қосылды.

Көрсетілген консультативтік құжаттар ағымдағы жылғы 13 мамырда жария талқылау үшін «Ашық НҚА» интернет-порталында, сондай-ақ Агенттіктің интернет-ресурсында орналастырылатын болады.

Консультативтік құжаттарды талқылау мерзімі он бес жұмыс күнін құрайды және ағымдағы жылдың  2 маусымына дейін жалғасады.

Агенттік азаматтарға консультативтік құжаттарды жария талқылауға белсенді қатысуды сұрайды.

Консультативтік құжаттарға қатысты өз ұсыныстарыңыз бен ескертулеріңізді жоғарыда көрсетілген жария талқылау кезеңі ішінде «Ашық НҚА» интернет-порталында орналастыра аласыз.

Сіздің пікіріңіз біз үшін өте маңызды.