Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Алматы қаласының активімен кездесті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Алматы қаласының активімен кездесті

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов Алматы қаласына жұмыс сапары аясында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты.

Отырысқа аудан әкімдері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, депутаттар, қоғам және бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы М. Ахметжанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында жүргізіліп жатқан реформалар туралы баяндап, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасына баса назар аударды. Бұл тапсырманы Президент Қазақстан халқына Жолдауында бергені мәлім.

М. Ахметжановтың айтуынша, негізсіз баюға жауапкершілік енгізу – Тұжырымдаманың жаңалықтарының бірі. Ол шығыстардың кірістерден асып кетуі қаржылық тексеруді бастау үшін сигнал болатынын ерекше атап өтті.

Агенттік Төрағасы азаматтардың жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қажеттіліктері мен үміттерін қанағаттандыру Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірінші кезектегі міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік органдарда жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді енгізу және ішкі мониторингбойынша ұсыныстар берді.

Сонымен қоса, бизнес саласында жемқорлыққа қарсы стандарттар енгізу қажеттілігін атап өтті. «Тұжырымдаманың маңызды басымдықтарының бірі адал бизнесті дамыту болып табылады. Жүйелік өзгерістер қажет. Сондықтан Тұжырымдамада біз бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуге ынталандыруды көздейміз», - деп түйіндеді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, отырыс барысында спикерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды таныстырып, тәсілдерді жетілдіру және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша биылғы 9 айдағы өңірдегі жұмыстың қорытындылары талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша Алматы әкімі Б.Сағынтаев қала әкімінің орынбасарларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда аталған ұсыныстарды ескеруді тапсырды.