Білім беру саласын дамыту кез келген елдің өркендеуінің кепілі. Білім саласындағы сыбайлас жемқорлық үлкен мультипликативті әсерге ие, сыбайлас жемқорлық қаупі тұтастай елге ауыр зардаптар әкелуі мүмкін.
Білім беру саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды күшейту мәселелерін талқылау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметі басшысының орынбасары Ғ.Асанұлы педагогтардың республикалық тамыз конференциясына қатысты.
Конференцияда жаңа оқу жылында оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың өзекті мәселелері талқыланды.
Іс-шараға онлайн режимінде Қазақстанның барлық өңірлерінен педагогтер, оқытушылар, ата-аналар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Ғ.Асанұлы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары бойынша статистиканы шолып өтіп, жас ұрпақ тәрбиелеуде мұғалімдердің ерекше рөлін атап өтті.
Өкінішке орай, қабылданып жатқан алдын алу шараларына қарамастан, білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері сейілмей тұр. Ағымдағы жылдың 7 айында білім беру саласында 75 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді. Қылмыстардың негізгі бөлігі жымқыру мен парақорлық болды.
Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық мемлекеттің болашағына тікелей қауіп төндіреді. Оқу процесінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің болу фактісі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға бейім тұлғаны қалыптастыру үшін жағдай жасайды. Сондықтан, мұғалімдер өздерінің мінсіз мінез-құлығымен оқушыларға үлгі болып, олардың бойында сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті, адалдық пен парасаттылықты тәрбиелеуі маңызды.
Агенттік қызметінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше мән берілгенін атап өткен жөн. Жастар үшін ұлы тұлғалардың еңбектері мен сөздеріне негізделген "Адалдық сағаты" онлайн-сабақтары тұрақты негізде өткізіледі. Сондай-ақ, жас ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымын "Адал ұрпақ" және "Саналы ұрпақ" мектеп және студенттік клубтары қалыптастырады.