Антикор Ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы талдауды жалғастыруда

Антикор Ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы талдауды жалғастыруда

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде Агенттік пен Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығының қатысуымен кеңес өтті. Бұған дейін хабарланғандай, ағымдағы жылдың маусым айынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Агенттік ауыл шаруашылығын субсидиялау саласына кешенді талдау жүргізуде. Қазіргі уақытта соңғы кезең – Ауыл шаруашылығы министрлігінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша жұмыс жүзеге асырылуда.

Агенттік Төрағасының бірінші орынбасары О. Бектенов кеңесті ашу барысында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілерінің тіркелгенін, бұл фермерлердің көптеген шағымдарымен және жедел-тергеу практикасымен расталғанын атап өтті. Атап айтқанда, мал шаруашылығы саласында қос субсидиялау, сондай-ақ қажетті мал басы мен растайтын құжаттары жоқ субсидиялау фактілері анықталды. Мәселен, асыл тұқымды малды іс жүзінде сатып алмай субсидияны заңсыз алу фактісі бойынша Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысына қатысты іс сотқа жолданды.

Сондай-ақ, жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ақмола облысының «Ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ басшысын ұстады. Ол өз өкілеттігінің аясына кіретін шешім қабылдағаны үшін кәсіпкерлерден ірі мөлшерде пара алды деген күдікке ілінді.

Сонымен қатар, «Subsidy.plem.kz» ақпараттық жүйесінде автоматтандырылған режимде АШТӨ-де жайылымдардың, субсидияланатын мал басын жалға алу шарттарының және басқа да құжаттардың бар екендігі туралы құжаттарды дұрыс растауға мүмкіндік бермейтін жүйелі кемшіліктер анықталды.

Талдау барысында, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер болып табылмайтын жеке және заңды тұлғаларға субсидиялар төлеу фактілері анықталды. Мысалы, Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысы жоқ 203 кәсіпкерлік субъектісіне (сұлулық салоны, фармкомпанияларға, жылжымайтын мүлікті жалға беру, автомобильдерді жөндеу саласында аккредиттелген кәсіпорындарға жәвне т.б.) 825 млн. теңгеден астам сомаға асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау саласында субсидиялар берілді.

Өз кезегінде, ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А. Сапаров Министрліктің теріс пайдалану мүмкіндіктерін азайту, бюджет қаржысының тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруды субсидиялауға бөлінетін қаражатының тиімділігін арттыру мақсатында тығыз ынтымақтастыққа мүдделілігін атап өтті.

Кеңес соңында, Президент тапсырмасын сапалы орындау үшін министрлік өкілдері белсенді бірлескен жұмысқа шақырылды.