Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Марат Ахметжанов БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Беришпен кездесті.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Марат Ахметжанов БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Беришпен кездесті.

Агенттік Төрағасы өз сөзінде Қазақстандағы БҰҰДБ Кеңсесінің басшысына көрсеткен сараптамалық қолдауы үшін алғыс айтып, Я. Беришті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру бойынша Қазақстанда қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Атап айтқанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы алдын алу құралдарының күшейтілгенін, ол үшін бірқатар маңызды заңнамалық шаралар қабылданғанын атап өтті. Қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың отставкасы және тәртіптік жауапкершілігі институты енгізілді, НҚА жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасы қалпына келтірілді, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу жүйесі бекітілген нұсқадан сараланғанға өзгертілді, квазимемлекеттік сектордағы комплаенс-қызметтердің міндеттілігі бекітілді.

Агенттік Төрағасы сондай-ақ БҰҰДБ өкілін қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде қылмыстық процестің үш буынды моделіне біртіндеп көшу басталғанынан, бұл қылмыстық-құқықтық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау кепілдіктерін арттыруға ықпал ететіндігінен хабардар етті.

Жалпы, Антикор басшысының пікірінше, жүргізіліп жатқан саясат өз нәтижесін беруде. Бұны Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі бағасы да куәландырады. Мәселен, сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде Қазақстан алғаш рет 38 балл жинап, 19 позицияға (133-тен 94-орынға дейін) көтерілді.

Өз кезегінде, Я. Бериш еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы жетістіктерін жоғары бағалап, БҰҰДБ-ның сарапшыларды тартуға және осы тұрғыдан халықаралық тәжірибе ұсынуға әрдайым дайын екендігін атап өтті.

Осыған байланысты Антикор мен БҰҰДБ-ның «Қоғамдық мониторингті күшейту және мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға азаматтық секторды тарту арқылы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету» жобасы шеңберіндегі бірлескен жұмысы өзекті болып табылады.

Жобаның мақсаты азаматтық мониторинг тетіктерін жетілдіру арқылы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін, ашықтығын және есептілігін арттыруға жәрдемдесу болып табылады.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі жандандыру үшін, консультацияларды сараптамалық деңгейде жалғастыруға келісті.