Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс: ISO 37001 халықаралық стандарты

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс: ISO 37001 халықаралық стандарты

Ағымдағы жылдың 6 қазанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойғаны белгілі. Түзетулер квазимемлекеттік сектор субъектілерінде ұйым қызметкерлерінің, сондай-ақ оның контрагенттерінің парасатты және әдепті мінез-құлқының корпоративтік стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді құруды көздейді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесі ұйымдарда сыбайлас жемқорлықты жою мен оның алдын алудың тиімді құралдарының бірі, сонымен қатар ұзақ жоспарлы енгізуді талап ететін күрделі әрі кешенді жоба.

Осыған байланысты, әлемдік практикада осы жүйені ұйымдастыру бойынша бірыңғай тәсілдер мен талаптар жоқ екенін атап өту қажет.

Қазіргі уақытта еліміздің квазимемлекеттік сектор субъектілері бағдарлай алатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс саласындағы бақылау жүйесін ұйымдастыру бойынша көптеген халықаралық стандарттар, нұсқаулықтар мен әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Алайда, көптеген сарапшылардың пікірінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің шын мәнінде тиімді жүйесін құруға, ең алдымен, Халықаралық стандарттау ұйымы әзірлеген ISO 37001 «Парақорлықпен күрес менеджменті жүйесі» халықаралық стандарты демеу болады. Бұл көбінесе стандартта сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің барлық негізгі элементтері бар екендігіне, сондай-ақ оларды ұйымның бизнес-үдерістеріне интеграциялау бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулықтарға байланысты.

ISO 37001 стандарты және оның негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қалай құруға болатыны туралы толығырақ тоқталып өтейін.

ISO 37001 стандарты 2016 жылдың қараша айында жарық көрді. Оны әзірлеу бойынша жұмыс 4 жылдан астам уақытқа созылды, 44 елден 80-нен астам сарапшы тартылып, ең үздік әлемдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәжірибелер пайдаланылды.
Стандарт - ұйымдарда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін енгізу, қолдау және жақсарту жөніндегі егжей-тегжейлі талаптар мен ұсыныстардың жиынтығы.

Стандарттағы әдістер сыбайлас жемқорлықтың кез-келген түрімен тиімді күресуге мүмкіндік береді. Ұйымның меншік нысаны, қызметкерлер саны мен қызмет ауқымы, сонымен қатар ол қай елде екендігі маңызды емес, стандарт алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибелердің талаптары мен нормаларына сәйкес келуге көмектеседі.

Стандартта сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесі жеткілікті түрде толық айқындалғанын атап өткен жөн. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға және ұйымның корпоративтік мәдениетін жақсартуға бағытталған шаралар мен бақылау рәсімдерінің тізбесі қамтылған.

Тұтастай алғанда, стандарт сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесінің мынадай негізгі элементтерін қамтиды.

Біріншіден, стандартта сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалау, бақылау рәсімдерін енгізу, контрагенттерді тексеру, мүдделер қақтығысын реттеу және ішкі аудит жүргізу бойынша толық ұсыныстар бар. Бұл ретте стандартта халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға сәйкестікті қамтамасыз ететін маңызды ереже бар екенін атап өту маңызды – бұл комплаенс-қызметтің жоғары басшылыққа функционалдық бағынуы.

Екіншіден, стандартта сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесінің негізгі элементтерінің бірі – «жоғарыдан үн қосу» қағидатын іске асыру. Бұл қағидат жоғары басшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесін іске асыруға белсенді қатысуын білдіреді. Стандартта комплаенс-қызмет қызметкерлеріне қажетті ресурстар мен өкілеттіктерді беру, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеуді көрсету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесінің тиімділігін бақылау және бағалау кіретін жоғары басшылықтың өкілеттіктері егжей-тегжейлі сипатталған.

Үшіншіден, контрагенттерді тексерумен қатар, халықаралық стандартта үміткерді жұмысқа қабылдау немесе қызметкерді ауыстыру кезінде тексеру рәсімі сипатталған. Өйткені мұндай әрекеттер сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің, оның ішінде мүдделер қақтығысы қаупінің болуымен байланысты.

Төртіншіден, стандарт сыйлық беру және алу, өкілдік іс-шараларды ұйымдастыру, қайырымдылық және демеушілік жобаларға қатысу сынды ұйым қызметінің бағыттарында бақылау рәсімдерін енгізу бөлігінде жан-жақты рәсімдерді қамтиды.

Бесіншіден, стандартта ұйымда қызметкерлердің ықтимал жемқорлық фактілері және әдепсіз мінез-құлық туралы ақпарат беру арналарын енгізу, сондай-ақ тергеу рәсімі және жемқорлыққа қатысты шаралар қабылдау туралы ережелер бар.

Айта кету керек, жоғарыда айтылғандар стандартта қамтылған жемқорлыққа қарсы шаралардың толық тізімі емес. Ұйымдар әрбір қабылданған шара негізделіп, ол тап болатын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сипаты мен деңгейіне сәйкес келуі тиіс екенін есте сақтауы тиіс.

Тұтастай алғанда, ISO 37001 стандарты негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесін құру, әдетте, мынадай негізгі кезеңдерден тұрады:
1. Қолданыстағы басқару жүйесін талдау және ұйымның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын әзірлеу.
2. Ұйымның мәнмәтініне және тәуекелдеріне қатысты құжаттаманы әзірлеу.
3. Құжатталған рәсімдерді әзірлеу.
4. Саясатты, рәсімдерді, нұсқаулықтарды әзірлеу және бизнес-үдерістерді түзету.
5. Ішкі аудит жүргізу.
6. Сертификаттық аудиттен өту.

Стандартты енгізудің салмақты дәлелі – ұйымның халықаралық сертификаттау аудитінен сәтті өту сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесін тиімді енгізуінің қосымша растауы.

Сонымен қатар, бүгінде менеджмент жүйелерін сертификаттау бойынша қызметтер нарығында сертификаттау жөніндегі аккредиттелген органдар, сондай-ақ аккредиттелмеген органдар бар екеніне назар аударғым келеді. Осы тұста ұйымдар үшін сертификаттау органын таңдағанда оның аккредиттелгенін тексеру өте маңызды, өйткені аккредиттелмеген органнан алынған сертификат басқа елдерде мойындалмайды.

Бүгінгі таңда Мемлекеттік басқару академиясы – өзінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесінің ISO 37001 стандартының талаптарына сәйкестігіне сертификаттық аудиттен өткен елдегі алғашқы мемлекеттік ұйым.

Академия практикалық тәжірибе мен осы саладағы қолда бар білім негізінде елдегі басқа ұйымдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда Академия айтарлықтай зияткерлік әлеуетке ие – бұл енгізу бойынша 20 маман және ISO 37001 бойынша 30 жетекші аудиторлар, олар персоналды сертификаттау жөніндегі халықаралық органнан білім алды.

Сонымен қатар, қажетті әдістемелік құралдар және халықаралық кеңесшілермен және сертификаттау органдарымен орнатылған іскерлік байланыстар бар. Осының барлығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесін енгізу және әзірлеу бойынша жеткілікті жоғары деңгейде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Академия квазимемлекеттік сектор ұйымдарында ISO 37001 сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті енгізу бойынша бірнеше жобаны іске асырып, сондай-ақ ISO 37001 стандарты және сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс бойынша оқу курстарын өткізіп жатқанын атап өткім келеді.

Қорытындылай келе, осы жұмыстың басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс іс жүзінде жұмыс істейтін тетік, ұйымдардың корпоративтік мәдениетінің ажырамас бөлігі болуын айтқым келеді. Бірақ бұл үшін көптеген жылдар бойы тиімді болатын тетікті ескере отырып, іске асыру барысында айтарлықтай күш салу қажет.