⚡️ «Заң мен тәртіп» апталығы: Құқық қорғау органдары академиясының түлектері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қатарын толықтырды

⚡️ «Заң мен тәртіп» апталығы: Құқық қорғау органдары академиясының түлектері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қатарын толықтырды

Ведомстволық жоғары оқу орындарының курсанттарына жағдай жасау мен ынталандыру - маңызды басымдық, бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары алқасының кеңейтілген отырысында ерекше атап өтті.

Президент олардың еліміздің күш құрылымдарының болашағы екенін айтты.

Осыған орай, ағымдағы жылдың 25 маусым күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Құқық қорғау органдары академиясының алғашқы кәсіби дайындық тыңдаушыларын бітіру рәсіміне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шараға Академия мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы, оқу орнының оқытушылары, түлектер мен олардың ата-аналары қатысты.

Салтанатты рәсім барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Төрағасы Асхат Жұмағали түлектерді құттықтап, оқуын үздік бітірген тыңдаушыларға алғыс хаттар табыстады.

Өз сөзінде Асхат Жұмағали түлектер Мемлекет басшысы жариялаған «Заң және тәртіп» идеологиясының жүргізушілері болып табылатынын, алған білімді үнемі жетілдірудің, сондай-ақ тәжірибеде қолданудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде жаңа формациядағы офицерлерге жоғары талаптар қойылып, үлкен сенім артылуда.

Сонымен қатар, Агенттік Төрағасы түлектерге жұмыс барысында бейімделу үшін олардың әрқайсысына тәжірибелі қызметкерлердің, оның ішінде басшылық құрамның ішінен тәлімгерлер бекітілгенін хабарлады.

Академия ректоры Марат Сексембаев өз сөзінде: «Сіздер – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жаңа буынысыздар. Алдарыңызда маңызды міндеттер тұр. Әр шешімдеріңіз заңды, әділетті әрі этикалық болсын. Киелі мундирдің абыройын биік ұстап, адалдықтың, сабырлылық пен кәсібиліктің үлгісі болыңыздар», – деді.

Естеріңізге сала кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарында жұмыс істеуге ниет білдірген 502 үміткердің 121-і түсу емтиханына дейін жеткен, оның 40-ы ғана ең көп балл жинап, Академияға қабылданған.

Өз үндеуін аяқтай отырып, Агенттік Төрағасы Академияның профессор-оқытушылар құрамына шын жүректен алғысын білдіріп, түлектерге табыс тілеп, оларды лайықты мінез-құлықтың, жоғары мәдениеттің және офицерлік намыстың үлгісі болуға шақырды.

#Заң_мен_Тәртіп      
#ЗАҢменТӘРТІП  
__
❗️Егер Сіз жемқорлық фактілеріне тап болсаңыз, 1424 нөмірі арқылы немесе WhatsApp-чат-бот: 8 777 000 1424 және @antikorkz_bot Telegram-боты арқылы шұғыл хабарлаңыз.