Алматы облысында шенеуніктер 1 кітап жиынтығын 57 млн теңгеге сатып алмақ болған

Алматы облысында шенеуніктер 1 кітап жиынтығын 57 млн теңгеге сатып алмақ болған

Сарқан ауданының білім бөлімі 1 кітап жиынтығын 57 млн.976 мың теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Ал оның орташа нарықтық бағасы – 670-2000 теңге аралығында.

Өрескел заң бұзушылықты Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Сатып алудың бірыңғай терезесі" веб-порталы арқылы анықтап, тоқтатты. Кейін мекеме, 8663 дана кітапқа 5 млн тенге көрсетті. Алайда, бағаны өсіру деректері тыйылар емес.

Мәселен, облыстық Ішкі саясат басқармасына қарасты "Қоғамдық келісім" мекемесі бюджет қаражатынан 33 млн теңгеге сауалнама жүргізуді жоспарлаған. Жедел әрекет ету нәтижесінде мемлекеттік мекеме сатып алудан бас тартты.

Антикоррупциялық қызмет өкілдері бес айда мемлекеттік мекемелерге осы тектес 47 ұсыным жолданған.

«Бес айдың қорытындысына сәйкес негізсіз сатып алу саласы бойынша 972 млн теңге бюджетке қайтарылды. Осыған орай біз мекеме басшылары мен мемлекеттік сатып алушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған семинарлар өткізіп жатырмыз. Танымдық сабақтарда заңнамалық және қаржылық сауаттылық арттыру нұсқаулықтарымен жіті таныстырдық», - деді Департамент басқармасының басшысы Асқар Садықов.

Еске салсақ, Департаменттің дер кезінде әрекет етуінің арқасында 2021 жылы 10 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделген.