Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департаменті жемқорлық фактілері туралы хабарлаған немесе жемқорлық құқық бұзушылықпен күресуге өзге де жолмен ықпал еткен тұлғаларды ынталандыру шараларын тұрақты түрде жүзеге асырады.
Бұл шара қолданыстағы Ережеде қарастырылған және жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыруға мен қоғамды осы құбылыспен күресуге белсенді тартуға бағытталған.
Сот үкiмi немесе айыптау үкiмi заңды күшiне енген жағдайда, хабарлаушыларға жемқорлық құқық бұзушылық сомасының 10%-ға дейiнгi мөлшерiнде, бірақ 4000 айлық есептiк көрсеткiштен (15,7 млн теңге) аспайтын бiржолғы ақшалай сыйақы көзделген.
Осы орайда, 2024-2025 жылдары Департаментпен 2 млн теңгеден астам сомаға 8 тұлға көтермеленді.
Мәселен, көтермелеу Жер ресурстарын басқару департаментінің лауазымды тұлғасы тарапынан шамамен 300 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат талап етілгені туралы хабарлаған кәсіпкерге жүргізілді. Жедел ден қою нәтижесінде аталған факт тиісті құқықтық баға алып, кәсіпкерге 70 АЕК мөлшерінде сыйақы төленді.
Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпарат берушілердің толық құпиялылығын қамтамасыз етеді. 2023 жылғы 3 қаңтардан бастап азаматтардың бұл санаты куәгерлерді қорғаудың кешенді бағдарламасына түсті.
Аталған бағдарлама шеңберінде жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарға физикалық қол сұғылмаушылыққа ғана емес, сонымен қатар олардың дербес деректерін қорғау мен еңбек құқықтарының сақталуына кепілдік беріледі. Атап айтқанда, олар тиісті комиссия құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілінің қатысуынсыз тәртіптік жауапкершілікке тартылмайды, жұмыстан шығарылмайды немесе өзге лауазымға ауыстырылмайды. Сондай-ақ, ақпарат берушілер туралы құпия ақпаратты жария еткені үшін қылмыстық жауаптылық көзделген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департаменті азаматтарды құқықтық сананы белсенді түрде көрсетуге және жемқорлықтың алғашқы белгілері байқалған кезде дереу Департаментке хабарласуға немесе тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 Call-орталығының мүмкіндіктерін пайдалануға шақырады.
Әр өтініш жемқорлықтың дер кезінде жолын кесуде, қоғамда заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуде шешуші мәнге ие.
Сонымен бірге, Департамент жемқорлық туралы жалған хабарлама қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынына назар аударады.
#Заң_мен_Тәртіп
#ЗАҢменТӘРТІП