
Ағымдағы жылдың 30 мамырында Алматы облысы, Қонаев қаласында жыл сайынғы жалпыреспубликалық «Халық заңгері» акциясы өткізілді. Акцияны ұйымдастырушылар - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Әділет министрлігі, «Zakon.kz» интернет-басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, Республикалық адвокаттар алқасы, мемлекеттік органдар, сондай-ақ еліміздің заң қоғамдастығының жетекші өкілдері.
Акцияның мақсаты - халыққа тегін заңгерлік көмек көрсету, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, «Заң мен тәртіп» қағидаттарын ілгерілету және ашық диалог пен консультативтік қолдауды қамтамасыз ету арқылы мемлекеттік органдарға сенімін нығайту.
Қонаев қаласында өткен шара аясында түрлі мемлекеттік органдар мен кәсіби заңгерлік қоғамдастықтың 60-тан астам өкілдері кең ауқымды құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңестер берді.
Құқықтық көмек 800-ден астам азаматтарға сот және сотқа дейінгі өндірісте құқықтар мен мүдделерді қорғау, мемлекеттік қызметтерді алу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікті тіркеу, еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік төлемдерді алу, жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы тұру мәселелері бойынша көрсетілді.
Консультациялар барысында ерекше назар жемқорлыққа қарсы заңнаманың нормаларын және оларды қолдану тәртібін түсіндіруге аударылды.
Ашық диалог форматында өткен шара әрбір азаматқа құзыретті мамандардан кеңес алуға, нақты құқықтық мәселелер бойынша түсініктеме алуға және құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда әрекет ету алгоритмімен танысуға мүмкіндік берді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт мұндай іс-шараларды өткізу азаматтардың құқықтық санасын дамытуға мемлекеттік органдарға деген сенімді нығайтуға, сондай-ақ қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
#Заң_мен_Тәртіп
#ЗАҢменТӘРТІП
#ҚұқықтықМәдениет
#Заңүстемдігі