Ағымдағы жылдың 27 мамырында Алматы облысы Іле ауданында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиынға өңірлік Кәсіпкерлер палатасының, Іле ауданы әкімдігінің, бизнес-қоғамдастық, мемлекеттік органдар мен жұртшылық өкілдері қатысты. Қатысушылар аудандағы кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерін, оның ішінде әкімшілік кедергілерді, рұқсат құжаттарын алудағы қиындықтарды, мемлекеттік процедуралардың ашықтығы мен адал бәсекелестікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында әрбір кәсіпкер мемлекет тарапынан қорғауды сезінетін әділ және адал іскерлік ортаны қалыптастыруға бағытталған «Заң және тәртіп» қағидаттарын ілгерілетуге ерекше назар аударылды. Бұл қағидаттар бизнес-процестердің барлық қатысушыларының заңнаманы мүлтіксіз сақтауын және жемқорлық көріністері үшін қатаң жауапкершілікті көздейді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департаментінің өкілдері кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл барлық тараптардың: бизнестің, мемлекеттік органдардың және қоғамның белсенді өзара іс-қимылын талап ететін бірінші кезектегі міндет екенін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша анықталған проблемалық мәселелерді жою және мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар беріліп, бизнес-қоғамдастықпен алдағы уақытта бірлескен жұмыс бағыттары айқындалды.
#Заң_мен_Тәртіп
#ЗАҢменТӘРТІП
#Жауапкершілік
#Заңүстемдігі