Жетісу облысы бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Департаменті адал кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша жұмыстарын жалғастыруда.
2025 жылғы 14 мамырда Antikor ORTALYGY алаңында «Қазақтелеком» АҚ филиалының өкілдері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен бизнес субъектілерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесуде телекоммуникациялық қызметтерді көрсету бойынша үлгілік шарттар жасасу кезінде кәсіпкерлердің құқықтарын сақтау мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, абоненттердің өзгерістер туралы хабарлау мерзімін 30 күнтізбелік күннен 5 күнге дейін негізсіз қысқарту фактілеріне назар аударылды.
«Талдықорған құқық қорғау орталығы» ҚҚ төрағасы В.В. Тен байланыс операторы тарапынан кәсіпкерлердің құқықтарының жүйелі түрде бұзылу белгілеріне назар аударды. Кездесу қатысушылары мұндай тәжірибе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туғызатынын және қызмет көрсетудің біржақты тоқтатылуына немесе шектелуіне, сондай-ақ сот даулары мен бизнестің қаржылық шығындарына алып келуі мүмкін екенін атап өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бизнес пен қызмет көрсетушілер арасындағы өзара қарым-қатынаста заңдылық және адалдық қағидаттарын сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Аталған қағидаттар елде ашық әрі қауіпсіз іскерлік ортаны қалыптастыруға бағытталған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының негізі болып табылады.
Кездесу қорытындысы бойынша «Қазақтелеком» АҚ өкілдеріне қолданыстағы шарттарды қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келтіру бойынша ұсыныстар берілді.
Сонымен қатар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдеріне типтік шарттағы «Қазақтелеком» АҚ тарапынан шартты біржақты бұзу тәртібі бойынша нормалардың Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің талаптарына сәйкес келмеуін әкімшілік кедергілер тізіліміне енгізуді ұсынамыз. Аталған ереже Азаматтық кодекс нормаларына қайшы келеді, өйткені шартты бұзу тәртібі тараптардың өзара келісімімен айқындалуы тиіс.