Талдықорған жоғары медициналық колледжінде ағымдағы жылдың 10 сәуірінде семинар өтті. Семинардың тақырыбы Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауы аясындағы заң мен тәртіпті сақтау мәселелері болды.
Іс-шараға колледж студенттері мен оқытушылары қатысты. Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің қызметкерлері А.Изгуттиева мен Г.Валиева заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтаудың маңыздылығы туралы баяндама жасады.
Елдің әл-ауқаты мен дамуы әрбір азаматқа байланысты екендігіне ерекше назар аударылды. Өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарау, адал еңбек ету, заңды құрметтеу және қоғамдық өмірге белсене қатысу әділетті қоғам құруға ықпал ететіні айтылды.
Семинар соңында қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы бейнематериалдар көрсетілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тегін консультация алуға, сондай-ақ белгілі болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы хабарлауға болатын 1424 call-орталығының жұмысы туралы айтып берді.