Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтауда және жолын кесуде азаматтардың маңызды рөлін үнемі атап өтеді. Әрбір адамның белсенді ұстанымы ашық және әділ қоғам құрудың негізі болып табылады.
«Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының кеден бекетінде болған оқиға азаматтық ұстанымның жарқын мысалы болды. Бас маманға Қытайдан Қазақстанға тауарларды кедергісіз өткізу үшін 100 мың теңге көлемінде пара ұсынылған. Алайда, қызметкер адалдық танытып, заңсыз сыйақыдан бас тартып, Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке дереу хабарлады.
Оның батыл және адал әрекеттерінің арқасында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 367-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотта сәтті аяқталды. Пара ұсынған азамат 1 млн теңге көлемінде айыппұлға тартылды. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік тек сөз емес, жазаға әкелетін нақты әрекеттер екенін анық көрсетеді.
Кеден маманының әрекеті жеке басының табандылығының үлгісі болып табылады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы адалдық пен заңдылықтың негізгі рөлін растайды. Ол әрбір адамның құқықтық тәртіпті нығайтуға және мемлекеттік билік институттарына деген сенімді арттыруға елеулі үлес қосатынын көрсетеді.
Қазақстанда 1424 бірыңғай жедел желісі жұмыс істейтінін еске саламыз, ол арқылы әрбір азамат сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлай алады. Айта кетейік, былтыр осы сенім телефонына 26 мыңнан астам қоңырау түскен, оның 22%-ы сыбайлас жемқорлық мәселелеріне қатысты болған. Колл-орталық тәулік бойы жұмыс істейді, азаматтарға тегін ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетеді.
Сіздің қоңырауыңыз әділеттілікті қалпына келтірудің және сыбайлас жемқорлықпен күрестің алғашқы қадамы болуы мүмкін.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін "Антикор 1424" WhatsApp-чат-боты да жұмыс істейді — сіз 8 777 000 1424 нөміріне хабарлама жібере аласыз немесе сұрақ қоя аласыз.