2025 жылғы 2 тоқсандағы Жетісу облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысы

2025 жылғы 2 тоқсандағы Жетісу облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысы

2025 жылғы 26 маусымда Жетісу облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Іс – шара барысында Комиссия төрағасы - облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев барлық қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды тұлғалар жүргізуге міндетті екенін еске салды.

Отырыста үш мәселе қаралды:

  1. Жер қойнауын пайдалану саласында (құм-қиыршық тас қоспасын заңсыз өндіру бойынша)атқарылған жұмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралар туралы;
  2. Туризм саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылған жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар туралы;
  3. Білім беру саласындағы комплаенс-қызметтің атқарылған жұмысы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы.

Аталған салалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген мониторингтер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаулар шеңберінде зерттеу нысанасы болып табылды.

Жер қойнауын пайдалану саласы бойынша кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіруге жол бермеу жөніндегі мемлекеттік органдардың бірлескен іс-шараларының нәтижелерін ұсыну және Талдықорған қаласынан Қаратал ауданына шығу кезінде Қаратал өзені арқылы өтетін көпірде тұрақты негізде салмақ бекетін белгілеу мәселесін қарау тапсырылды.

Туризм саласы бойынша туризм саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әдістемесін бекіту және ұлттық парктер жалға берген нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған жерлерді қайтару жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Білім беру саласындағы комплаенс-қызметтердің қызметі бойынша облыстың барлық колледждерінде "Парасаттылық негіздері" пәні бойынша студенттерге факультативтің бір сабағын енгізу және бюджет қаражатын ұрлау тәуекелдерін азайту мақсатында бухгалтерлік жүйелердің "Халық Банкімен" интеграциялануын қамтамасыз ету мәселесін қарастыру тапсырылды.

Отырыс қорытындысы бойынша облыстық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына, аудандар мен қалалардың әкімдеріне қаралған салалар бойынша хаттамалық тапсырмалардың сапалы және уақтылы орындалуын бақылауға алу тапсырылды.