Зан мен тәртіп: Жетісу облысындағы Сенат комитетінің көшпелі отырысы өтті

Зан мен тәртіп: Жетісу облысындағы Сенат комитетінің көшпелі отырысы өтті

3 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің Жетісу облысындағы көшпелі отырысына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Жетісу облысы бойынша Департаментінің басшысы Саян Қылышұлы Ахметжанов қатысты.

Іс-шараға Сенат депутаттары, облыстың құқық қорғау және жергілікті органдарының басшылары қатысты.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» басымдықтарын іске асыру контекстінде заң үстемдігін қамтамасыз ету және адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері қаралды. Жолдаудағы негізгі міндет – заң үстемдігін, әділдікті және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Департамент басшысы қатысушыларды қолға алынған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар, азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары бұзылуының алдын алу жөніндегі шаралар, сондай-ақ өңірдегі жедел және алдын алу жұмыстарының нәтижелері туралы хабардар етті.

Көшпелі іс-шара аясында облыс әкімінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің қатысуымен азаматтарды қабылдауы да өтті. Өңір тұрғындары мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты сақтауға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты өздерін толғандырған сұрақтарды жеке қоюға мүмкіндік алды.

Отырыс қорытындысы бойынша заңдылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға бағытталған ұсынымдар әзірленді.