2025 жылғы 22 мамырда Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Мемлекеттік қызметшілердің ұйымдастырушылық мәдениетін арттыру Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының негізі ретінде: сын-қатерлер, проблемалар және перспективалар» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Жетісу университетінің Жетісу облысы бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті және Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған конференцияға Қазақстан, Польша, Түркия және Өзбекстаннан 80-нен астам ғалым, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шара офлайн форматта Zoom арқылы онлайн-трансляциямен өтті, жұмыс тілдері қазақ, орыс және ағылшын тілдері болды.
Пленарлық бөлім аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы С.Қ.Ахметжанов баяндама жасады. Ол Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағыттарын егжей-тегжейлі айтып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беруді енгізуге, ағарту жұмыстарын дамытуға, халықаралық бастамаларға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен жеке және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің құзыреттілігін арттыруға назар аударды.
Тақырыптық секциялар аясында мынадай бағыттар да қамтылды: мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін сақтау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету құралы ретінде цифрландыру, корпоративтік адалдықтың халықаралық практикасы, жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларға қатысуы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің халықаралық тәжірибесіне ерекше назар аударылып, Түркия, Польша және Өзбекстаннан келген спикерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы озық халықаралық тәжірибелерімен бөлісті.
Конференция қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға жіберілетін ұсыныстар тұжырымдалды.