
Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Заң және Тәртіп» идеясын кеңінен түсіндіру мақсатында студенттермен кездесу өтті. Шараның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, әділеттілік пен парасаттылық ұғымдарының маңызын насихаттау болды.
Кездесу аясында қоғамда адалдық пен әділдік қағидаттарын берік ұстанып, осы бағытта белсенді еңбек етіп жүрген бірқатар спикерлер жастармен ой бөлісті. Алғашқы болып сөз алған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Д.Омаров өз баяндамасында адалдық принциптерін ұстану – табысты болашаққа бастайтын тура жол екенін атап өтті. Ол жастарды сапалы білім алып, адал еңбегімен ел дамуына үлес қосатын парасатты тұлға болуға үндеді.
Келесі болып сөз алған университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик, профессор М.Сарыбеков тұлғалық капитал қалыптастырудың негізгі қырларына тоқталып, әрбір жас маман өз бойындағы адами және кәсіби құндылықтарды үйлестіре отырып ғана қоғамда орнықты тұлғаға айналатынын жеткізді. Оның ойларын жалғастырған «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары У.Болатбек білікті маман болудың артықшылықтарын ашып айтып, кәсіби дамуға деген ұмтылыстың өмірлік табысқа жол ашатынын ерекше атап өтті.
Шара барысында Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің оқытушысы, отставкадағы полиция полковнигі С.Сексенбаев сөз алып, заң үстемдігін қамтамасыз ету – мемлекет тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі екенін айтты. Сонымен қатар, ол тәртіпті қоғам қалыптастыру жолында жастардың рөлі ерекше екенін баса айтып, оларды әділдік пен заңдылық қағидаттарын берік ұстануға шақырды.
Кездесуде спикерлер азаматтық ұстанымы мықты, әділдік пен адалдықты өмірінің темірқазығына айналдырған тұлғаны тәрбиелеудің маңызды тұстарына кеңінен тоқталып өтті.