«Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» қозғалысының еріктілері темір жол вокзалындағы қызмет көрсету сапасына және жолаушылар пойыздарының жұмыс режиміне қоғамдық бақылау жүргізді.
Қоғамдық бақылау нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер бірқатар кемшіліктерді анықтады. Атап айтқанда, хабарландыру экраны мен радиожүйе жұмыс істемейді, вокзал диспетчерлері қолға ұстайтын радиорубка арқылы хабарлама жүргізуде, бұл өз кезегінде келушілердің бірдей деңгейде ақпарат алуына кедергі келтіруде. Одан бөлек, вокзалға кіріп-шығатын есіктерде орнатылған тексеру құрылғылары істен шыққан. Бұл келушілердің қауіпсіздігін сақтауға кедергі келтіруде, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әжетханаға кедергісіз кіріп-шығуына жағдай жасалмаған, себебі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған әжетхана жабық тұрады, кілті тек вокзал әкімшілігінде. Ал жолаушылар пойызына келетін болсақ, кейбір вагондарда («Қызылорда-Көкшетау» пойызы) медициналық қобдишалар жоқ екені, ал кейбірінде қажетті дәрі-дәрмектер жеткіліксіз екені белгілі болды.
Анықталған кемшіліктерді жою бойынша вокзал әкімшілігіне тиісті ұсынымдар берілді.