«Заң және тәртіп» қағидатын насихаттау аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ» облыс тұрғындарына құқықтық көмек көрсетті. Аталған бастама «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында жүзеге асуда.
Мобильді топ құрамы білікті заңгерлерден, адвокат, нотариус, жеке сот орындаушылар, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерінен құрылған. Басты мақсат – тұрғындарға тегін құқықтық кеңес беру және қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыру арқылы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Кеңес беру алаңына 50-ге жуық қала тұрғыны жүгініп, жер телімін алу, үй кезегіне тұру, тұрақты жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдаулар салаларына қатысты сауалдарын көтеріп, барлық сұрақтарға мобильді топ тарапынан заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, құқықтық көмек көрсетілді.
Айта кету керек 2023-2024 жылдар аралығында 20-ға жуық іс-шара өткізіліп, 1200 ден астам облыс тұрғыны қамтылды. Кеңес беру алаңы алдағы уақытта Жамбыл облысының 10 ауданында да жалғасын тауып, кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады.