
Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұйымдастыруымен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде жастарға арналған «Адалдық – ең биік қасиет!» тақырыбында TEDx форматында кездесу өтті.
Кездесу барысында қоғамның адалдық пен әділдік қағидаттарының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар спикерлер өз ойларын ортаға салды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Д.Омаров өз сөзінде адалдық принциптерін ұстану – жетістіктерге жетудің негізгі жолы екенін жеткізіп, жастарды сапалы білім алуға болуға және адал табыс тауып, ел дамуына үлес қосатын парасатты тұлға болуға шақырды.
Келесі болып сөйлеген кәсіпкер, Тараз қалалық мәслихатының депутаты, «SERT-INFORM» ақпараттық порталының құрылтайшысы Ә.Жапарова өз кезегінде тұлғалық капитал құрудың маңызды тұстарымен бөліссе, «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары У.Болатбек білікті маман болып қалыптасудың артықшылықтарын жеткізді. «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Н.Жувандикова заң үстемдігін орнату – дамудың басты кепілі екенін жеткізіп, тәртіп сақтайтын орта қалыптастыру жолында жастардың орны ерекше екенін айтып өтті.
TEDx форматында өткен бұл конференцияда спикерлер бүгінгі заманда азаматтық ұстанымы мықты, әділдік пен адалдықты өмірінің темірқазығына айналдырған тұлғаны тәрбиелеудің маңызын жан-жақты қозғады.