Белсенді жастар мен волонтерларға арналған «Әділетті қоғам – ортақ мақсат» тақырыбында семинар өтті

Белсенді жастар мен волонтерларға арналған  «Әділетті қоғам – ортақ мақсат» тақырыбында семинар өтті

Жамбыл облысы Байзақ ауданының белсенді жастары мен волонтерларға арналған «Әділетті қоғам – ортақ мақсат» тақырыбында семинар өтті.

Семинар барысында білім беру жүйесіндегі академиялық адалдықты сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, білім гранттарын әділ тағайындау, «Таза сессия» акцияларын ұйымдастыру және жастар арасында адалдық пен парасаттылық қағидаттарын дәріптеу мәселелері кеңінен талқыланды. Аталған бағыттар жастардың заң мен тәртіпті қатаң сақтап, қоғамда жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыруына ықпал ететін маңызды тетіктер ретінде атап өтілді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің өкілі А.Ажибаев өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндама жасап, қоғамның әрбір мүшесін жемқорлықпен күреске белсенді атсалысуға шақырды. Ол өз сөзінде: «Сыбайлас жемқорлықпен күресте әр азаматтың үлесі – маңызды қадам!» – деп атап өтті.

Сондай-ақ, семинарға белсенді волонтер Д.Тамабек пен №3 Байзақ колледжінің комплаенс-офицері М.Сыздыкова қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Олар жастардың азаматтық ұстанымы мен парасаттылықты өмірлік қағида ретінде қабылдауы – әділетті қоғам қалыптастырудың басты алғышарты екенін ерекше атап өтті.

Аталған іс-шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қоғамдағы әділдік пен ашықтық қағидаттарын нығайтуға бағытталған мазмұнды диалог алаңына айналды.