Жамбылда қылмысқа негіз болған тәуекелдерді жою мәселесі бойынша жиын өтті

Жамбылда қылмысқа негіз болған тәуекелдерді жою мәселесі бойынша жиын өтті

Жиынға Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшылығы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары С.Сәлемов және денсаулық сақтау ұйымдарының жауапты лауазымды тұлғалары қатысты.

Жиын барысында Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабы аясында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға қатысты ұсынымдар қаралды.

Денсаулық сақтау жүйесіндегі бақылау функцияларын жүзеге асыратын тұлғалардың қызметінде кездесетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері кеңінен талқыланды. Департамент басшысының бірінші орынбасары Д. Омаров комплаенс-қызметтің сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы маңызын ерекше атап өтіп, бұл салада жұмыс істейтін мамандарға үлкен жауапкершілік артылатынын жеткізді.

Жиын қорытындысында денсаулық сақтау ұйымдарында жүйелі түрде жыл сайын аудиторлық тексерулер жүргізу, сондай-ақ, құқық қорғау саласында тәжірибесі бар мамандарды комплаенс-офицер ретінде тағайындау ұсынылды.

Жиын соңында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары С.Сәлемов денсаулық сақтау саласында көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды негізге ала отырып, кешенді жоспар әзірлеуді және оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен келісе отырып бекітуді денсаулық сақтау басқармасының басшысына тапсырды.

Сонымен қатар, «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, жүргізілетін жұмыстың сапасына баса назар аудару қажеттілігі мен қолданыстағы стандарттар мен нормативтік талаптардың қатаң сақталуының маңыздылығы айтылды.