
«Заң және тәртіп» бастамасы аясында өткен кездесуге облыстық денсаулық сақтау басқармасы, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, қаржы басқармасы, сондай-ақ жер қатынастары басқармасының мамандары қатысты.
Іс-шараға спикер ретінде Жамбыл облысы әкімінің әдеп жөніндегі уәкілі, департамент маманы, мемлекеттік кірістер органдарының өкілі және дін істері жөніндегі маманы қатысты.
Іс-шара барысында аталған салаларға тән негізгі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері қаралып, оларды анықтау мен алдын алудың тиімді тетіктері айтылды. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды жетілдіру және басқару процестеріне цифрлық технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Талқылау шеңберінде денсаулық сақтау саласында негізгі тәуекелдер медициналық препараттар мен жабдықтарды сатып алумен, сондай-ақ кадрлық мәселелермен байланысты екені атап өтілді. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму секторында сыбайлас жемқорлық қатерлері мемлекеттік субсидияларды бөлу және бизнесті инвестициялық қолдау кезінде туындауы мүмкін. Өз кезегінде қаржы басқармасының қызметінде бюджеттік жоспарлауға және мемлекеттік қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауға байланысты тәуекелдер анықталды. Жер қатынастары саласында сыбайлас жемқорлық көріністері жер учаскелерін беру және меншік құқығын тіркеу кезінде барынша ықтимал екені айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар қоғамдық бақылауды күшейту, цифрлық мониторинг құралдарын қолдануды кеңейту және лауазымды тұлғалардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажеттігін атап өтті.