«Ақындар адалдықты жырлайды» тақырыбында облыстық жас ақындар айтысы өтті

«Ақындар адалдықты жырлайды» тақырыбында облыстық жас ақындар айтысы өтті

Жамбыл ауданының 95 жылдығы мен суретші, Қазақстанның Мемлекеттік туының авторы Шәкен Ниязбековтың 85 жылдығына орай Жамбыл ауданы, Шәкен Ниязбеков ауылында «Ақындар адалдықты жырлайды» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті.

Іс-шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Бақтыхожаев, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлыпхар, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мадияр Сәмбетов қатысып, жыр додасының ашылу салтанатында сөз алып, іс-шараның маңыздылығына тоқталып, жас ақындарға сәттілік тіледі.

Айтыс барысында Дидар Апбасов, Аят Бәтей, Санжар Даярбек, Елібек Нұрмағамбетов, Ернұр Бейсен, Мұқағали Балтабай, Медеу Мырзатай, Інжу Жаңабай, Айсұлу Жүнісбек, Айым Көшербай, Әділет Медетқұл, Нұртай Әліпбай сынды айтыскерлер сынға түсті.

Кіл сөз мергендері басқосқан өнер додасына сөздің құнын білетін айтыс ақындары Айтмұқамбет Исақов, Есет Досалы, Ербол Қамбатыров және Нұрлыбек Құрманов төрелік етті.

Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен жыр аламанының нәтижесі бойынша үздік деп танылған айтыскерлер арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттармен марапатталды.