Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары жыл сайын 20 пайызға төмендеуде

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары жыл сайын 20 пайызға төмендеуде

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырған «Үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар қауымдастығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысуын кеңейту» тақырыбындағы онлайн-семинарға қатысты.

Семинарды «Жаңару» РҚБ төрағасы, еліміздің қоғам және саяси қайраткері Оралбай Әбдікәрімов жүргізіп отырды.

Өз кезегінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев шараның маңыздылығына тоқталды. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық даму басымдықтарының бірі екенін баса  айтқан болатын. Бұл тұрғыда бірқатар маңызды міндеттер жүзеге асырылды. «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі сыбайлас жемқорлықпен күресу бойынша күнделікті жүйелі жұмыстар жүргізуде. Мемлекеттік саясат сыбайлас жемқорлық көріністерінің салдарымен емес, олардың алғышарттарымен қарсы күреске бағытталған. Халық арасында әлеуметтік сауалнамалар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдаулар жүргізіледі. Ашық бюджеттердің интерактивті картасынан әрбір адам мемлекеттік органдардың қаражатты қалай игеріп жатқанын көре алады. Мұның бәрі азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске тарту үшін жасалуда. Олардың санасында сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне деген төзбеушілік қасиетін күшейту маңызды», - деді Бердібек Сапарбаев.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев ведомство қоғамдық институттармен ынтымақтастықта жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтті. «Nur Otan» партиясы жанындағы қоғамдық кеңестердің отырыстары барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер көтеріліп, бизнес пен инвестицияларды қорғау мақсатында «Protecting Business and Investments» жобасы қолға алынып, «Сатып алудың бірыңғай терезесі» порталы іске қосылып, ол арқылы барлық адамдарға мемлекеттік органдардың сатып алу жоспарларынан хабардар болуға мүмкіндік бар екенін айтып өтті. Әділхан Әшірбаев облыста сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының саны жыл сайын 20 пайызға төмендеп отырғанын баса айтты.

«Жаңару» РҚБ филиалының Жамбыл облысы бойынша басшысы Қасымхан Төлендиев өз сөзінде қоғамда парасаттылық идеологиясын ілгерілетуге бағытталған ақпараттық-ағартушылық штабы мен «Парасат жолы» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Штаб өкілдерінің қатысуымен жыл басынан бері 4700 адамды қамтыған 170-тен астам іс-шара, «Парасат жолы» жобасы аясында 190 іс-шара өткізілгенін атап өтті. Сонымен қатар, облыс бойынша 274 кітапханада және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің базасында «Парасат жолы» орталықтары ашылғандығы туралы айтты.

Іс-шара соңында «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Жұбандықова жоба аясында облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.