Жемқорлық құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлағандарға 6 млн теңге көлемінде сыйақы төленді

Жемқорлық құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлағандарға 6 млн теңге көлемінде сыйақы төленді

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де көмек көрсеткен қазақстандықтар қомақты ақшалай сыйақы алады. Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.

Осыған байланысты, Жамбыл облысы бойынша Департаменті республикадағы азаматтарды көтермелеудің ең жоғары нәтижесімен ерекшеленді.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін адамдар үшін көтермелеу бір реттік ақшалай сыйақы түрінде белгіленеді. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы әкімшілік істерде ынталандыру мөлшері – 30 АЕК, онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК, ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК, аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК.

2020 жылы Жамбыл облысының 30 тұрғыны 5,0 миллион теңге, ал осы жылдың 5 айында облыстың 6 тұрғыны 1 миллион теңге көлемінде ынталандыру алды. Айта кетерлігі, ынталандыру мөлшері қылмыстың ауырлығына тікелей байланысты. Талдау көрсеткендей, негізінен азаматтар парақорлық, жымқыру және қызмет бабын асыра пайдалану фактілері туралы хабарлайды. Мәселен, полиция қызметкерлеріне қатысты сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық құқықбұзушылық бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша хабарлаған облыс тұрғынына 198000 теңге көлемінде сыйақы төленді.

Бір жолғы ақшалай сыйақыны төлеуден бас тартқан жағдайда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен адам жәрдем көрсетілген органға тиісті өтініш береді.

Осыған байланысты, лауазымды тұлғалар тарапынан ақша қаражатын бопсалау, жымқыру, өкілеттілігін асыра пайдалануға тап болған кез келген азамат Агенттіктің CALL-орталығына «1424» телефоны арқылы хабарлауды немесе Тараз қаласы, Айтиев көшесі, 40 мекен-жайы бойынша орналасқан Жамбыл облысының Департаментіне хабарласа алады. Анонимділікке кепілдік беріледі.