ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР Әділет министрлігі, «Zakon.kz» желілік басылымы және «Параграф» ақпараттық жүйесі бірлесіп, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру әрі тегін заң көмегін көрсету мақсатында жалпыреспубликалық «Халық заңгері» акциясын ұйымдастырды.
Аталған шара 30 мамыр күні Жамбыл облысының барлық аудан орталықтарында және Тараз қаласында бірыңғай уақытта сағат 17:00-де өтті. Акция аясында заңгер, адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылары мен мемлекеттік органдардың басшылары тұрғындарға кеңес беріп, 400-ден астам азаматқа құқықтық көмек көрсетілді.
Тараз қаласында акция «MART» сауда орталығында ұйымдастырылып, тұрғындар түрлі мәселелер бойынша заңгерлердің көмегіне жүгінді. Атап айтқанда, жер телімін алу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, отбасылық қарым-қатынастар, еңбек даулары, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық сипаттағы сауалдарға сарапшылар жан-жақты жауап берді.
Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Д.Омаров: «Бұл акция жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді және облыс тұрғындары үшін көп пайдасын тигізуде. Себебі халықтың құқықтық сауаттылығы артып, мемлекеттік органдарға арыз-шағым беру тәртібі мен өзекті мәселелерді шешу жолдары бойынша толыққанды кеңес алу мүмкіндігі туындайды» – деп, аталған акцияның маңыздылығын атап өтті.