
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз етуге айрықша назар аударуда.
Алдын алу шараларының бірі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау болып табылады.
Осы ретте Шығыс Қазақстан облысында жер қойнауын пайдаланушылардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған қаржылық шығындарына мониторинг жүргізілді.
Мониторинг нәтижесінде әлеуметтік міндеттемелердің көлемін анықтаудағы біркелкі емес тәжірибе, келісімшарттық міндеттемелерді орындауды бақылаудың жетіспеушілігі және әлеуметтік аударымдар бойынша міндеттемелердің жоқтығымен байланысты сыбайлас жемқорлықтық тәуекелдер анықталды.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Денис Шакенов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
«Атап айтқанда, құмды-гравийлі қоспаларды өндірумен айналысатын бір жер қойнауын пайдаланушының келісім шартында, заңнама талаптарына қарамастан, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған аударымдар қарастырылмаған. Ал басқа бір жағдайда, ұқсас жылдық өндіріс көлемі бар бірнеше жер қойнауын пайдаланушының әлеуметтік салаға қаржыландыру көлемдері әртүрлі болып белгіленген», - деді Денис Шакенов.
Қазіргі уақытта анықталған сыбайлас жемқорлықтық тәуекелдерді жою жөнінде ұсыныстар дайындалып, облыс әкімдігіне ұсынылатын болады.
#Заң_мен_тәртіп
#ЗАҢменТӘРТІП