ШҚО-да экология және жер қойнауын пайдалану мәселелері талқыланды

ШҚО-да экология және жер қойнауын пайдалану мәселелері талқыланды

Ағымдағы жылғы 23 қарашада ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жұртшылықпен өзара іс-қимыл жөніндегі жоспарды орындау аясында, сондай-ақ облыстың сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енген мәселелерді талқылау және шешу жолдарын қарастыру мақсатында экология және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша кеңес өткізді. Отырыс «Аманат» партиясының өңірлік филиалының алаңында облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Талғат Башевтың төрағалығымен өтті. Оған облыстық мәслихат депутаттары, уәкілетті органдардың басшылары, жұртшылық пен БАҚ өкілдері қатысты. 

ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 2022 жылғы мамырдан қыркүйекке дейін экология саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді.

Экология саласында жүргізілген талдау Шығыс Қазақстан үшін өте өзекті, өйткені өңірде ондаған жылдар бойы қолайсыз экологиялық жағдай орныққан, ол тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіріп, халық арасында әлеуметтік шиеленіс туғызады.

Экологиялық жағдайдың нашарлауының маңызды факторы сыбайлас жемқорлық көріністері болып табылады, бұған Шығыс Қазақстан облысы экология департаментінің қызметкеріне қатысты қылмыстық істің тіркелуі дәлел болып отыр.

Сыртқы талдау барысында өңірдегі ауасының ластануының бірқатар себептері анықталды, олар:

1.Өнеркәсіптік кәсіпорындардың ауаға жағымсыз әсері, ол ешқандай дәлелдемелерді қажет етпейді, тек қолайсыз метеожағдайларды жариялау арқылы айтылады.

2.Өндіріс технологиялары ескірген. Мысалы, Өскемен ЖЭО 1947 жылы іске қосылған және бүгінгі күні қосымша сүзгі қондырғыларын орнату үшін ЖЭО аумағының көлемі тапшы, сондықтан ЖЭО жаңғырту мүмкін емес.

3.Аймақтың көмірге тәуелділігі жоғары. Энергетика басқармасының деректері бойынша Өскемен қаласының жеке және өндірістік секторы жыл сайын 2,2 млн.тонна көмір тұтынады.

4.Экология департаментінің материалдық-техникалық жабдықталуы жеткіліксіз. Талдау көрсеткендей, негізгі құралдардың басым бөлігі 2001 жылдан бері қолданыста, яғни олардың 88%-ның тозығы жеткен.

5.Жергілікті атқарушы органдардың өңірдің экологиясын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралары формальды. ШҚО экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол картасына енгізілген іс-шаралардың егжей-тегжейлі талдауы олардың бірқатарының формальды сипатқа ие екендігін, қаржылық жағынан нақтыланбағаны, жекелеген іс-шараларды жүзеге асыру үшін ондаған жылдар мен қомақты қаржы қажет, ал кейбір тармақтарды орындау мүлдем мүмкін еместігін көрсетті.

6.Қолданылатын отынның сапасы төмен. Көмірдің сапасына тиісті бақылаудың болмауына байланысты табиғи радионуклидтердің көп мөлшері бар көмір жергілікті тұтынушыларға түседі, бұл радиоактивті аэрозольдердің құбырларынан шығарындылар және радиоактивті элементтердің көп мөлшері бар күлдің пайда болуы арқылы қоршаған ортаға қосымша жүктеме әкеледі.

7.Заңсыз жер қойнауын пайдаланушылар келтіретін зиян. Талдау нәтижесінде туындаған жағдайдың бірқатар себептері анықталды, атап айтқанда лицензия берілгеннен кейінгі бақылаудың болмауы; заңсыз өндірудің анықталған фактілері бойынша елеусіз айыппұлдар; жер қойнауы ресурстарына келтірілген залалды есептеу рәсімінің күрделілігі, сондай-ақ жер қойнауы ресурстарына келтірілген залалды есептеу бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретінің болмауы.

Сонымен қатар, сыртқы талдау қорытындысы бойынша өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «көмейдің химиялық күйігі» диагнозын қайтару мәселесін көтерді. 

«Бүгінгі күні талдау ұсынымдарын орындау бойынша Жол картасы жасалды, онда жоспарланған шаралар, мерзімдер мен орындаушылар нақты айқындалды», - деп атап өтті Талғат Башев.

Бұдан әрі ШҚО экология департаментінің басшысы Әлиев Данияр облыс экологиясының жай күйі мен өзекті мәселелері туралы сөз сөйледі.

ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мақашева Шолпан экологиялық проблемалардың өңір халқының денсаулығына кері әсері туралы айтып берді.

Соңғысы ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Кабаков Марат жер қойнауын пайдалану саласындағы кен іздеушілік қызметтің жай-күйі туралы сөз сөйледі.

Осыдан кейін аталған мәселе талқыланып, оның барысында облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері өз сұрақтарын қойып, осы саладағы жағдайды жақсарту жөнінде ұсыныстар айтты.

Облыстық мәслихат депутаты Марина Быкова осы мәселелерді шешуді жеделдету үшін Парламентке газдандыру және «көмейдің күйіп қалуы» диагнозын енгізу мәселелері бойынша хаттар жіберетінін мәлімдеді.

Кеңес соңында облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижелері бойынша енгізілген ұсынымдар Экологиялық реттеу комитеті басшылығының тиісті қолдауымен бірлесіп толық көлемде орындалатынын және Шығыс Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша пәрменді шаралар қабылданатынын атап өтті.