Мемлекеттік органдарға заңсыз кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынады

Мемлекеттік органдарға заңсыз кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынады

Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өздеріне заңнамада жүктелген функциялардан тыс кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны не белгіленген қаржыландыру көздерінен басқа материалдық игіліктер мен артықшылықтар қабылдағаны үшін оларға айыппұл салынатын болады. Бұл туралы ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ерлан Жалмағамбет аталған өзгертулерді баяндау барысында айтты.

«Мұндай заңсыз іс-әрекеттер үшін осы ұйымдардың басшыларына 600 айлық есептік көрсеткіш немесе 1,8 млн.теңге көлемінде айыппұл салу көзделген», - деді ол.

Сондай-ақ, заңды тұлғалар ӘҚБтК аясында лауазымды тұлғаларға материалдық сыйақыны заңсыз бергені үшін сыбайлас жемқорлық бойынша жазалануы мүмкін. Бұл ретте айыппұл сомасы 700-ден 1500 АЕК-ке дейін түрленеді.

Ол сыбайлас жемқорлық үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігі базалық халықаралық стандарт болып табылатынын атап өтті. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс нәтижелері Қазақстанды ЭЫДҰ және ГРЕКО сарапшыларының бағалауы аясында өте маңызды болмақ.