«Заң мен тәртіп»: ШҚО-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті

«Заң мен тәртіп»: ШҚО-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті

Шығыс Қазақстан облысында «Заң мен тәртіп» нарративін ілгерілету аясында облыс әкімі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы ұйымдастырылды.

Жиын облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен, сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Денис Шакеновтің, құқық қорғау органдары мен уәкілетті мемлекеттік органдардың басшыларының қатысуымен өтті.

Күн тәртібінде өңірдің Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енген агроөнеркәсіптік кешен, әлеуметтік сала, құрылыс, жол инфрақұрылымы, кәсіпкерлікті қорғау және бағалы металдар сияқты бірқатар маңызды салалардағы мәселелер қаралды. Сонымен қатар, өңірдің квазимемлекеттік секторындағы комплаенс-қызметтердің жұмысына баға беріліп, ұзаққа созылған құрылыс нысандарының аяқталуына қатысты мәселелер талқыланды.

Кіріспе сөзінде облыс әкімі барлық мүдделі органдардың өзара келісілген, жүйелі жұмыс жүргізуінің маңыздылығын атап өтті. Ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шаралар кешенін күшейтудің қажеттілігіне ерекше тоқталды. Бұл ұстанымды өңірлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы да қолдап, табысты нәтижеге тек ашық диалог пен мүдделі органдардың жауапкершілігі арқылы қол жеткізуге болатынын жеткізді.

Негізгі баяндаманы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков жасап, бірқатар жүйелі мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару кезінде орын алатын манипуляциялар, жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік міндеттемелерін орындауда бірыңғай тәсілдің болмауы, құрылыс нысандарының уақытылы аяқталмауы, инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде әкімшілік кедергілердің кездесуі, сондай-ақ комплаенс-қызметтердің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою жұмысына жеткіліксіз тартылуы сияқты түйткілдерді  қозғады.

Бұдан бөлек, әлеуметтік салада бұлтты бухгалтерияны енгізудің оң нәтижелері ерекше атап өтілді. Бұл жүйе шамамен 140 миллион теңгені құрайтын 500-ден астам күмәнді операцияны анықтауға мүмкіндік берді.

Отырыс қорытындысы бойынша заң бұзушылықтарды жоюға және сыбайлас жемқорлықтың жүйелі алдын алуға бағытталған нақты іс-шаралар ұсынылды.

Облыс әкімі бейінді ведомстволардың басшыларына қойылған міндеттердің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуді тапсырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру өңірлік биліктің басымдығы болып қала беретінін атап өтті.

 

#заң&тәртіп
#заңментәртіп
#законипорядок