Туризмдегі заң мен тәртіп: Катон-Қарағай ұлттық паркінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды

Туризмдегі заң мен тәртіп: Катон-Қарағай ұлттық паркінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды

Ағымдағы жылы Шығыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі туризм саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Талдау осы салада заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету, ашықтықты арттыру мақсатында жүргізілді.

Талдау қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ШҚО бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков Катон-Қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында жүргізілген талдау нәтижелерімен, оның ішінде анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен таныстырып, оларды жою бойынша нақты ұсыныстар берілді.

Талдау қорытындысы бойынша міндеттерді жосықсыз орындау, ашық емес рәсімдер және бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану үшін алғышарттар жасайтын факторлар анықталды. Кадрлармен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі, туристерге рұқсат беру саласындағы бұзушылықтар, цифрландырудың әлсіздігі және ресурстарды тиімсіз пайдалану жағдайлары атап өтілді. Сондай-ақ туристік инфрақұрылымды қалпына келтіру және мемлекеттік қызметтер көрсетудің ашықтығын арттыру қажеттігіне назар аударылды.

Берілген ұсынымдар анықталған бұзушылықтарды жоюға, бақылауды күшейтуге және саябақты басқарудағы ашықтықты арттыруға бағытталған. Ұсынылған шараларды іске асыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің деңгейін едәуір төмендетуге және туристік саланың тұрақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ШҚО бойынша Департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.

#Заң_мен_тәртіп

#ЗАҢменТӘРТІП