
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайта отырып сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпарат ұсынылды.
Департамент басшысы Ерлан Жолдыбаев ағымдағы жылдың I тоқсанында жүргізілген жұмыстарды атап өтті.
Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 50 іс-шара ұйымдастырылып, оған 5000-нан астам адам қатысты.
Ауылдық жерлерді дамытуға бағытталған бюджет қаражатын пайдалануға мониторинг шарттық міндеттемелердің орындалмай жатқанын көрсетті. Атқарылған жұмыстар мен жұмысты қабылдау актілеріндегі жұмыс көлемдерінің сәйкессіздіктері анықталды. Мемлекеттік сатып алу барысында бағаны әдейі төмендетіп, кейін қосымша шарттар арқылы жұмыс бағасын қымбаттату тәуекелдері белгілі болды.
Спорт, мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру, туризм, агроөнеркәсіп субъектілерін субсидиялау салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері аталды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу саласына мониторинг нәтижесінде 408 млн теңге бюджет қаржысы үнемделді.
«Бизнеске жол» жобасы аясында 116 кәсіпкердің құқықтары қорғалды.
Әкімшілік тәжірибе бойынша, жер пайдалануға құқық беру барысында мүдделер қақтығысына жол берген 1 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік қызметшінің жақын туысына берілген жер мемлекетке қайтарылды.
Жыл басында өңірдегі экология департаменті басшылығының сыбайлас жемқорлық қылмысы әшкереленді.
Брифинг соңында азаматтардың сұрақтарына жауап ұсынылды.
#Заң_мен_Тәртіп
#ЗАҢменТӘРТІП