Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі облыс аумағындағы суармалы жерлерді мемлекет мұқтажы үшін және арнайы жер қорына алуға қатысты жүргізген сыртқы талдау жұмыстарымен суармалы жер алқаптарын мемлекет меншігіне алу бойынша қала және аудан әкімдерінің заңға қайшы шығарған қаулыларын анықтады.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында мәлімделді.
Қамту аумағы 2020-2023 жылдар аралығындағы қызметтерді құраған сыртқы талдау жұмыстары барысында Жер кодексінің талаптарын облысқа қарасты барлық 17 аудан/қала әкімдерінің бұзып келгендігі белгілі болды.
Мұндай қаулы шығару құзыреті Жер Кодексінің талаптарына сәйкес, облыстық жергілікті атқарушы органының, оның ішінде облыс әкімінің ғана құзыреттілігіне жатады.
Әкімдіктердің заңсыз әрекеттері кәсіпкерлердің құқықтарына нұқсан келтіріп, сондай-ақ бағалы суармалы жер алқаптарының көлемі азайтқан.
Сонымен қатар, Түлкібас ауданында 13 кәсіпкерге тиесілі 22 га. суармалы жер учаскесі қайтарылып, олардың құқықтары қорғалды. Осылайша, аудан/қала әкімдіктері тарапынан мемлекет мұқтажы үшін суармалы жер учаскелерін алып қоюдың заңсыз практикасы тоқтатылды.