Университет ректоры Антикор волонтер жобасының Еріктісі

Университет ректоры Антикор волонтер жобасының Еріктісі

Университет ректоры Жанар Темірбекова Халықаралық білім ордасынан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының ең алғашқы Еріктісі өзі болатынын жеткізді.

Ректор өскелең жас ұрпақтың тәрбиесіне адалдық пен парасаттылық қасиеттерін дәріптеу мақсатында өткен «Арманыңа адал бол!» кездесуде Департамент басшысы М.Төлеубаевтың ұсынысына осылайша үн қатты.

Жиында сөз бастаған университет ректоры Жанар Амангелдіқызы айтулы шараның маңызына тоқталып, «Оқу ордамыздың жаңа оқу жылында алға қойған мақсаттарының бірі - адал азамат қалыптастыру, жемқорлықсыз қоғам құру үшін университет құрамы мен білімгерлермен біріге атсалысу болатын. Біз қазіргі таңда елдегі ең үлкен мәселе – сыбайлас жемқорлық екенін мойындауымыз керек. Сіздер мен біздер осы мәселенің шешілуіне қолдаушы болуымыз шарт. Себебі әділетті қоғам құрылса мемлекет дамуы қарқындайды», - деді.

Студенттермен кездесуде Мұрат Ахтанұлы Агенттік қызметіндегі негізгі жаңашылдықтар мен іске асырылып жатқан жобалар және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталып, жуырда ел аумағында енгізілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының негізгі мақсаттарын атап өтіп, патриотты тұлға ретінде осы жобаға өз үлестерін қосуға шақырды.

Кездесу соңында қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар беріліп, жастарға жеңістер мен жетістіктерге жету жолында, адал әрі, парасатты болудық маңызды екені айтылды.