Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен құқық қорғау, жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдардың және сыртқы экономикалық қызмет өкілдерінің қатысуымен "Атамекен», «Қазығұрт», «Қапланбек» және «Қонысбаев» кеден бекеттерінде көшпелі кездесулер өтті.
Басты назар әкімшілік кедергілерді жою, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту, шекарадағы транзиттік әлеуетті арттыру және көліктердің, оның ішінде жаңартылған бекеттердегі кептеліс мәселесін шешуге аударылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы маңызды шаралардың бірі, жүргізушілерге қажеті болмаса да, барлық бақылау қызметтерінен мөрлерді жинауға міндеттелген "өту талонының" күшін жою, бюрократияны азайту.
Кездесулерде рәсімдерді цифрландыру, кедендік бекеттерді жаңғырту, кедендік бақылауды оңтайландыру және тасымалдаушыларға ыңғайлы болу үшін жаңа қызметтерді енгізу мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, кеден бекеттерінде «Қазпошта» АҚ кассалары жұмыс істей бастады, олар арқылы айыппұлдарды ресми түрде төлеуге болады, бұл жаңашылдық делдалдардың қатысуын болдырмауға және қаражатты бейресми жинау тәуекелін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы М. Төлеубаев кеден қызметкерлері алдында сөз сөйлеп, "Заң және тәртіп" қағидаттарын және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік саясатын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Естеріңізге салсақ, кеден саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілуде, қорытындысымен мемлекеттік органдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін күшейту бойынша ұсыныстар жіберілетін болады.
#ЗАҢ_МЕН_ТӘРТІП
#ЗАҢМЕНТӘРТІП